ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

1  345 көрілім

Қоғамдағы тәртіпті қадағалайтын полицейлердің қызметі қашан да қарбаласқа толы. Жоғалғанды іздеу, табу, бұзақылыққа жол бермеу қылмыстың бетін ашу бір сөзбен айтқанда – ішкі тәртіпті сақтау полиция қызметкерлерінің басты міндеті. Осы орайда, қызметке жақында тағайындалған қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Селтановпен сұхбаттасқан едік.

Мұғалімдер отбасында өскен Бауыржан 5 ұлдың 4-шісі. ҚР Ішкі Істер Министрлігі Қостанай заң институтының түлегі, заңгер. Ішкі істер органдарында 1995 жылдан бері қызмет атқарады. Шымкент қалалық Ішкі Істер Басқармасы, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі Істер Департаменті Криминалдық полиция мен штаб басқармасын басқарған. 2018 жылы Түркістан облысы Полиция Департаменті Ордабасы АПБ бастығы қызметін атқарған.

– Бауыржан Сапарұлы полиция қызметі уақытпен санаспайтын жауапкершілігі мол жұмыс екендігі белгілі. Қаладағы қазіргі қылмыстық ахуалға тоқталсаңыз.

– Қаладағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағытында 3 ай көлеміндегі биылғы және өткен жылды салыстыра айтайын. Өткен жылы 511 қылмыстық әрекет тіркелген. Ал, биыл бұл көрсеткіш 361-ді құрап отыр. Бұл дегеніміз қаладағы қылмыстардың 29,4 пайызға төмендеге-нін білдіреді. Ал, профилактикалық жұмыстарды жүргізу нәтижесінде ағымдағы жылдың 3 айы бойынша адам өлтіру, қарақшылық, қылмыстары орын алған жоқ.

– Бүгінде қаламызда қатты белең алып тұрған қылмыс түрлерін атасаңыз?

– Бүгінгі қоғамдағы жиі қайталанатын қылмыстардың бірден-бірі – ол пәтер ұрлығы. Қала көлемінде пәтер ұрлығы бойынша жыл басынан бері 49 оқиға тіркеліп, оның 88,6 % ашылып жатыр. Осы орайда, жеке мүлкін қорғауда қала тұрғындарына өздері сақтық шараларын күшейтсе деймін. Егер мүмкіндіктері болса, темір есікпен жабдықталған домофондар немесе бейнебақылау орнатса қауіп-қатердің алдын алған болар еді.

– Қазіргі таңда еліміз төтенше жағдай режимінде. Осындай қиын сәтте, қаламызда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Елімізге төтенше жағдай енгізу туралы ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы Жарлығына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қалаға кіру жолдарына 7 санитарлық бекет қойылған. Полиция басқармасынан 60 қызметкер, 6-мобильдік топ екі ауысымда жұмыс жасауда. Бүгінгі таңға дейін төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 24 құқық бұзушылық анықталды. Оның 13-не айыппұл салынса, 11 жеке азамат әкімшілік қамаққа алынды. Одан өзге, блок бекетте тәртіп бұзған 1 жағдай тіркеліп, 10 тәулікке қамауға алынды.

– Тәртіп сақшысы ретінде, қала аумағындағы бүгінгі қоғамдық ахуалды қалай бағалайсыз?

– Қазіргі таңда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны-14,7%, көшеде жасалған қылмыстар – 7,1%-ға қысқарса, спирттік ішімдік ішіп жасалған қылмыс-14,3%, қарумен жасалған қылмыстар саны-50% қысқарған. Бұдан өзге, бұрын сотты болған тұлғалармен жасалған қылмыстар – 25 пайыз, топтасып жасалған қылмыстар – 18,2 пайызға төмендеп отыр. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырмалы түрде алынып отыр.

Қылмыс санының төмендеуі, халқымыздың жаман әдеттен бойын аулақ ұстауының нәтижесі деп білемін. Осы орайда, осындай бағытпен жұмыс жасап, қоғамға жауапкершілікпен қарайтын болсақ бұл көрсеткіштердің әлі де төмендейтіндігіне сенім артамын. Тәртіп аясында қызмет ету біздің жұмысымыз екендігі ақиқат. Оны абыроймен атқаруға тырысамыз. Бірақ азаматтарды құқық бұзушылыққа бармай, игі іске жұмылуда бірлесе қызмет етуге шақырамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы