Жақсыбек Бейсенов, тыл ардагері: «БҮГІНГІ ҰРПАҚ БЕЙБІТ КҮННІҢ ҚАДІРІН БІЛІП ӨССЕ ДЕЙМІН»

1  551 көрілім

Жақсыбек Бейсенов 1936 жылы 5 мамырда Түркістан қаласы , Абай ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталғанда небәрі 5 жаста ғана болған екен. Әкесі және оның екі бауыры да әскер қатарына алынып, ал Жақсыбек Бейсенов сол жылдары масақ теріп бел жазбай еңбек еткенін айтады.

– Бидайды қолмен оратын, ол заманда комбайн болмаған соң өгіздерді қосақтап, ортасына ағаш байлап қойып жанына бидайларды тастап соның үстінен өгіздерді айдайтын. Солай жасаған соң өгіздің аяғымен бидайдың сабағынан бидай бөлініп шығады да сабаны бөлек бидайы бөлек болып ажырайтын. Одан басқа қырман айдаймыз, масақ тереміз. Мақта егеді. мақтаға су жүретін арықтар дайындайтын едік. Ішетін аста тапшы болды. Түстің кезінде жұмыс жасаған адамдарға ғана бір тостақ быламық беретін, кейде бір литр айран беретін. Ол кезде 7-8 жастағы балалар толыққанды жұмысшы адамдар болып саналатын. Бізде балалық шақ деген дәурен болмаған. 10 жасқа толғанда ғана 1 сыныпты бастағанбыз. Мектепке барған кезде киім тапшы болып оқуға жалаң аяқ барғанымыз есімде. Тек 4-5 сыныптарға өткен кезде ғана аяқ киім кие бастадық, – деп жадында жаңғырған өткен шағын тебірене есіне алады.

Қазір немере-шөберелерінің ортасында отырған қария оларға үнемі төзімділік пен еңбекқорлықтың парқы жайлы жиі айтады. Иә, біз болашағы жарқын, бағыты айқын Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін әрине біледі. Балаларымыз бақытты балалық шағын сезініп еркелеп өсіп, жайлы орындарда білім алып, мамандық иесі атанып туған ел төрінде еркін өсіп келеді. Қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату – тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл Тәуелсіздік, бұл бақыт біздерге осындай батыр азаматтарымыздың ерлігі, еңбегі Отанына, жеріне деген адалдығының арқасында келіп жетті.

Жақсыбек атаның өмір парақтарына тоқталар болсақ, әкесі Абылай Бейсенов соғыстан оралмаған, анасы Шарипа Құрышбаева 1937 дүние салған. Ағасы мен екеуі әкесінің інісінің қолында тәрбие алып, өседі. Жақсыбек Бейсенов 1956 жылы Фрунзе ауданындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы ауыл шаруашылық техникумын есепші мамандығы бойынша 1959 жылы аяқтап, Семей облысы, Аягөз ауданындағы «Сергиополь» кеңшарында қатардағы есепші болып еңбек жолын бастайды. 1972 жылы Алматы халық шаруашылығы инстиутын бітіреді. 1963-1974 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданындағы «ҚожаТоғай», «Овцевод» кеңшарларында бас есепші болып қызмет атқарып, зейнетке шығады.

1996-2005 жылдары Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жасау комитетінің банкроттық мекемелерінде конкурстық меңгерушісі болып қызмет атқарған. Елге сіңірген елеулі еңбектері ескеріліп, құрметке бөленген Жақсыбек Абылайұлы «В.И.Лениннің туғанына 100 жылдық» медалімен және Одақтық, Орталық партия комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. 1981 жылы Облыстық Партия комитетінің Құрмет тақтасына енгізіледі. Республикалық Ардагерлер Кеңесінің, облыс-қала әкімінің құрмет грамоталарымен және тағы да бірнеше төсбелгілермен марапатталған. Қазіргі таңда Түркістан қалалық Ардагерлер ұйымының және Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі.  «Түркістан қаласының Құрметті азаматы».

Ғұмырының саналы жылдарында осылай еліне адал қызмет атқарған ардагер атамыз 1996 жылы мемлекеттен 55 гектар жер сатып алып өзінің жеке «Жақсыбек» шаруа қожалығын құрады. Сол шаруашылыққа 2000 жылы 20 гектар алма ағашын отырғызады. Шамамен 7-8 дей адамды осы қожалықта жұмыспен қамтиды. 2019 жылы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен Шаға ауылдық округі, 30 жылдық елді мекеніне қарасты егін алқабынан 1000 гектар жерден жаңа шаруашылық құрылды. Сол шаруашылыққа Жақсыбек Бейсенов 40 гектар жерін диқандарға 10 жылға жалға береді. Бүгінде жақсы өнім алу үшін шаруашылық белсенді жұмыс жасап жатыр.

Өмірі қиыншылығы мен қоса қуанышқа толы болған ер мінезді атамыз бүгінде үлкен бір өніп-өскен әулеттің баталы қариясы. Көп мұсылманның арманы – қажылық парызын өтеп келген. Жұбайы Орынай Бәкірқызы екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп олардан 25 немере, 23 шөбере сүйіп бақытты шаңырақ иесі атанып отыр.

Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы