САРПЫЛҒАН КҮШ – ЖЕҢІСТІ ЖОЛДЫҢ БАСТАУЫ

1  268 көрілім

Он бес жылдан бері самбо күресімен шұғылданып, айтарлықтай жетістікке жеткен түркістандық Айжан Жылқыбаева бізбен сұхбаттасу кезінде жеке өміріне қатысты біраз жайтты жария етті. «Мүмкін Сіздің перзентіңіз әлем чемпионы шығар?!» – деген жас бапкер ата-аналарға балаларын спортпен айналысуына жағдай жасаса, сенімдері сөзсіз шындыққа айналады деген пікірде.

Айжан самбо күресімен 2-сыныптан бастап айналысып келеді. Осы күнгі аралықта балуан самбодан Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, 5 дүркін Азия чемпионы атанып үлгерген. ҚР-ның әйелдер арасындағы ұлттық құрамасына да енгеніне 2 жылдан асқан. Әлемдік рейтингте 48 келі салмақ бойынша үздік үштіктің сапында. Әлемнің 3 рет күміс жүлдегері атануы да спортшының табандылығы мен төккен терінің нәтижесі. Самбошы қыз 2017 жылы Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласында жабық кешенде өткен V жазғы Азия ойындарында алтыннан алқа тақса, 2018 жылы Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткізілген XVIII жазғы Азия ойындары кезінде ел қоржынын қола медальмен толықтырды. Самбодан ҚР спорт шебері.

Облыс басшысы Ж.Түймебаевтың қолынан Төле би ауданында өткен «Тау самалы – жан самалы» фестивалінде 300 мың теңгенің сертифакатын алған Айжан Аманжолқызының жеткен жетістіктері бір төбе. 24 жастағы бойжеткен отбасында ерке қарындас, сүйікті әпке. Ол тұрмысқа шығуға да асықпайтын көрінеді. Себебі, алдымен тұрмыстық тіршілігін түзетіп, ата-анасына жәрдем бергісі келеді.

«1995 жылдың 24 қаңтарында дүние есігін ашқанмын. Жанұяда бес жанбыз. Әкем Аманжол, анам Жанар, үлкен ағам Ерлан және кіші сіңілім Жасмин. Жалдамалы пәтерде тұрғанымызбен, жеке жер телімімізде жаңа үйдің құрылысын жүргізудеміз. Бұйыртса, бірер жылда баспанамызда қоныс тойын тойлап қалармыз. Сондықтан тұрмыс құруға асықпаймын. А.Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектебін бітіріп, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің спорт факультетіне оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнын 2016 жылы ойдағыдай аяқтап, Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінің бапкері болып жұмыс жасаудамын», – деді ол.

Күнделікті жұмысы таңертеңгі уақытта 3 және 6-сынып оқушыларын дайындаудан басталады. Сол арқылы өзінің де дайындығын пысықтап, кешкі мезгілде де жас балуандарды жаттықтырумен айналысады. Бала күнінде ұлағатты ұстаз боламын деген арманы бапкерлікпен ұштасты. Жаттықтырушы ретінде шәкірттерінің біршама жетістіктерге жетулеріне аянбай еңбек етуде. Атап айтқанда, өткен жылы облыстық турнирде үш бірдей тәлімгері топ жарған. 29 келі салмақ дәрежесінде Арман Асылханов 3-орын, Дархан Орынбай 23 келі салмақта 3-орынды иеленсе, ал Нұрбақ Тастанбек осы салмақта чемпион атанды.

Әпкесі Мөлдір Бейсембаеваның ықпалымен спорт әлемінің әліппесімен танысқан самбошы қыз бүгінгі таңда сіңілісі Жасминді де спортқа баулуда. Ал, осындай дәрежеге жетуін ардагерлер арасында самбодан 5 дүркін әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Әбдісадық Халилаев бапкерінің еңбегі деп біледі.

Айжан сәуір айында Семей қаласында өтетін ел біріншілігінде бақ сынамақ. Халықаралық олимпиада комитеті биылғы жылдан бастап спорттың самбо сайысын Олимпиада ойындарына қосады деген болжам бар. Сондықтан да ол 2020 жылы Жапонияның астанасы Токиода өтетін Олимпиадаға қазірден қызу дайындық үстінде.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы