ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУ – БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ

1  338 көрілім

Бүгінгі таңда бүкіл әлемді коронавирус індеті жайпап бара жатқаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл инфекцияның өте ауыр індет екендігін жария еткен болатын. Соған байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дерттің алдын-алу мақсатында Қазақстан халқына өз үндеуін жариялап, төтенше жағдай енгізіп, тиісті министрліктер мен құзырлы органдарға кезек күттірмейтін көптеген шұғыл шараларды қолға алуды тапсырған болатын.

Осыған орай елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қатерлі індеттің жаппай таралуын тежеу үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдап, халыққа өз үндеуін жария етті. Осы індеттің таралуын болдырмау жөнінде жүргізіліп жатқан шаралардың маңыздылығын, енгізілген шектеулердің қатаң сақталуын, қойылған талаптарды бұзған азаматтарға әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жайлы ескертті. Жүріп-тұрудың шектелуі мен басқа да туындап жатқан қиындықтарға түсіністікпен қарауға, бұл шаралар Қазақстан халқының амандығы мен денінің сау болуына бағытталғанын әрбір азамат түсінуі керек-тігін, осындай сын сағаттарда қазақ еліне сабырлық, ынтымағымыз бен бірлігіміздің болуы қажет екендігін баса алға тартты.

Иә, халық біріге отырып, бұл уақытша қиындықты да жеңетініне сенеді. Сонымен қатар, негізгі шаралардың бірі ретінде облыс көлемінде тәулік бойы жұмыс істейтін блок-бекеттер қойылды. Бұл бекеттерде полиция қызметкерлері мен дәрігерлер күндіз-түні өтіп жатқан көліктерді тоқтатып, ондағы жүргізушілер мен жолаушылардың дене қызуларын тексеруде. Халық көп жиналатын ірі сауда, ойын-сауық орындарының қызметі, той-думандар және басқа да көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралар тоқтатылды. Сауда дүкендерінің жұмыс кешеніне де шектеулер қойылып, бақылауға алынуда. Облыс, қала тұрғындарына аса қажеттілік болмаса, тек азық-түлік пен дәрі-дәрмекке баруға, көшеге шығуды бас тартуды, үйде отыруды міндеттеді. Мұның барлығы – халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған маңызды шаралар деп түсінуіміз керек.

Әрине, халық арасында алаңдаушылық жоқ емес. Бағасы күрт өсіп жатқан азық-түлік бағаларын реттеу, тұрақтандыру мақсатында қала әкімі Рашид Аюпов әкімдік аппаратына тиісті тапсырма беріп, күнделікті сауда орындары мен азық-түлік базарлары мен дүкендерді аралап, негізсіз көтеріп отырған сатушыларды анықтап, ескерту жасалып, бағаның тұрақтануына барынша тиісті шара қабылдауда. Сонымен қатар, қала тазалығы, белгіленген жерлерде санитарлық және дезинфекциялық жұмыстардың барысын, құрылыс алаңдарына да барып, құрылыс қарқыны мен жұмысшылардың сақтандыру шараларын бақылауда ұстап отырғанынан хабардармыз. Дегенмен де, қалалық билік өкілдері мен құзырлы органдардың, баспасөз құралдарының қатысуымен жүргізіліп жатқан бақылау жұмыстары жайлы ақпараттарға құлақ түрсек, қаулы талаптары, салынған қатаң тыйымдарға қарамастан әлі де болса сақтық шараларына қала тұрғындары мен қонақтары, аса көңіл аудармай жатқаны өкінішті-ақ. Елде төтенше жағдай жариялануы құқық қорғау органдарының қызметтері күшейтілген тәртіпке көшірілген. Індеттен сақтандыру шараларын бұзған азаматтарды әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.

Елде сақтандыру шараларына халықтық саналы түрде түсіністікпен қарауына қатаң мәжбүрлеу шарасына бармай, әлі де ізгілендіру тұрғысында ескерту жасалуда. Мысалы, Қытай, Сингапур, Индия және Еуропа мемлекеттерінде қатаң жазалар қарастырылған. Өте жоғары мөлшердегі айыппұлдан өлім жазасына дейін, азаматтығынан айыру шаралары белгіленгенінен де хабардармыз. Әрбір отбасы өздерінің қауіпсіздігі үшін енгізілген шектеулерге үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне де, өзгеге де қауіп қатер төндірмеуі керек деп ойлаймын.

Президент үндеуінде «Халықты дүрбелеңге түспей сабырлыққа, шыдамдылыққа шақыруы. Біз біргеміз» – дегені және ел экономикасының тұралап қалмауына және халықтың жағдайына аса ауыртпалық түсірмеу мақсатында қаржылай көмектер көрсету шешімдері, ел басына қандай қиын жағдай туындаса да мемлекет халықты қамқорлығына алатындығының тағы да бір дәлелі болып отыр – деп түсінеміз. Ендеше, сабырлық сақтап, дүрбелеңге түспей бірлікте болайық, Отанға деген сүйіспеншілігімізді танытайық ағайын!

Балғабай НАҚЫПОВ,

ҚР ІІМ-нің «Құрметті ардагері» з.ғ.д., профессор.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы