Күллі жаһан жұртшылығын жаппай дүрліктіріп, аз уақыт ішінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт – ширек ғасыр ішінде іргесін бекітіп, өркениет көшіне ілескен еңселі елімізді де айналып өтпеді. Тосыннан келген төтенше жағдайға тосырқай қараған халқымыз, үрей мен үміттің бел ортасында өмір сүруде.
Дәл қазір қауіпті індет деп қорқып-үркуден халықтың хәлі түзелмейді, күдіктің бұлты сейілмейді. Осындай қысылтаяң шақта, атадан қалған асыл қасиеттерді азық етіп, сабыр мен сақтықты санамызға терең сіңірсек қана дүрбелең туғызған қауіпті дерттен арыламыз.
Ең әуелі, төніп тұрған төтенше жағдайда адал ризықты арқау етуге шақырамын. Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің 33-қара сөзінде «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол» деп таза ниетпен жасалған адал еңбектің құнын жоғары қойған. Бүгінгі күні төтенше жағдайды қалтасының қамы үшін пайдаланып, базарлар мен дүкендерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түліктердің, дәрі-дәрмек пен бетперделердің бағасын негізсіз көтеру деректері жиі орын алуда. Мұндай да, құлқынның құлы болуға емес, халыққа адал қызмет қылуға ұмтылуымыз аса маңызды болып отыр.
Бұл сын сағатта халқымыз тазалыққа аса мән бергені абзал. Дана халқымыз «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деп тегін айтпаған. Елімізге төнген бұл қауіп кезінде жан мен тәннің тазалығын қатар сақтау – қазақ қоғамы үшін өзекті мәселе болып отыр. Көпшілік орындарда тазалық әдептерін берік ұстану – ертеңгі өміріңіздің кепілі екендігін ұмытпағаныңыз жөн. Осы бір қауіпті індет әлемді шарпыған шақта халықтың бірлігі мен ауызбіршілігінің жоғары болуы – еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, ел болып еңсеруімізге мұқалмас күш-жігер береді. Бірлігі бекем елді жау тұрмақ, жұқпалы індетте жайпай алмасы анық. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп қазыналы ой қалдырған ата-бабамыз қашанда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, татулықты бойтұмары еткен.
Сондай-ақ, түркі әлемінің көмбе тарихында атақты Білге қаған атанған Күлтегін бабамыз сонау ықылым заманның өзінде «Халқына бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақтау жасайды» деп халық пен мемлекет арасында орнаған сенімнің сарқылмас қуатқа ие екендігін білдірген. Расында, мемлекет саясатына рухани сенім болмаған жерде, нәтижелі істің бой көрсетуі де екіталай екендігі белгілі. Сол үшін де төтенше жағдайда қабылданған шешімдер мен бастамалардың барлығы тек халықтың қамы мен ел азаматтарының саулығы үшін жасалып жатқандығына сенім білдіруіміз қажет. Дәл қазіргі сәтте, ел азаматтары жауапкершілік жүгін терең сезінуі тиіс. Жұқпалы дерттің жедел тарайтындығын ескерсек, жауапкершілікті жоғары сезіне отырып, барынша көпшілік орыннан қашық болуға әрі уақытымызды түзде емес, үйде өткізуге тырысқанымыз жөн. Салғырттықтың соңы – сары уайымға әкеліп соқпас үшін, барынша сақтық шараларына жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 15 наурыз күні ел аумағында төтенше жағдай жариялаған шақта, жұқпалы індет еліміздің ең ірі екі қаласында анықталып еді. Бүгінгі күні еліміздің барлық аумағына тарап, коронавирус дертіне шалдыққандар қатары күн өткен сайын артып келеді. Науқастар саны өскен сайын халықтың үрейі де өршіп, ертеңгі өмірлеріне алаңдаушылық танытып жатқандар да аз емес. Керісінше, салғырттық танытып, көпшілік орындарды еркін кезіп, басқа аймақта той тойлап жүрген ел азаматтары да баршылық. Бірі сауда орнын көрер көзден жасырып ашса, енді бірі негізсіз тауар бағасын өсірумен әлек.
Осындай олқылықтар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топ мүшелері Түркістан өңірінде тәулік бойы жүргізіліп жатқан сақтану шараларының қатаңдығын бақылап, блок-бекеттер мен теміржол вокзалына, орталық базарлар мен халық көп шоғырланған орындарға мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Мониторингтік бақылау барысында Түркістан облысы бойынша 38 блок-бекет, ал облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы саны 5 блок-бекет тәулігіне 24 сағат, 2 ауысыммен жұмыс істеп жатқандығы және полиция қызметкерлері мен медицина саласының мамандары жұқпалы дерттің таралуына тосқауыл болу үшін тәулік бойы қас қақпай қызмет етіп жатқандығы белгілі болды. Десе де, облыс базарларында көрші облыстардың көтерме сатып алушыларының ірі көлемде азық-түлікті сыртқа әкетуі негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 40-60 пайызға қымбаттап, тауар тапшылығы орын алғандығы анықталды. Осыған байланысты, бүгінгі күні азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған жедел мобильді топ нақты шаралар атқаруда. Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіптік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қорынан азық түлік тұрақтылығы қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар, облыс көлемінде медицина тауарларына деген тапшылық жоқ екендігі және дәріханаларда қалыпты сатылымдар жүргізіліп, медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмекті резерві толық әрі тауарларды жеткізу қызметі тұрақты екендігі дәріханаларға жүргізілген бақылау жұмыстары барысында мәлім болды. Бақылау жұмыстары көрсеткендей, Түркістан облысының әкімдігі тарапынан барлық сақтық шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қазіргі таңда жергілікті билік өкілдерінің жедел ұйымдастыруымен тұрғындардың сауалдарына шұғыл түрде жауап беру үшін арнайы 109 нөмірлі Call–орталық тәулік бойы жұмыс істеуде. Барлық сауда орындары мен көшелерде дезинфекция жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, қазіргі таңда халық көп жүретін жерлердің басым бөлігі залалсыздандырылуда. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері, азаматтардың қауіпсіздігі мен саулығы үшін қоғамдағы кейбір жүйелерге, жұмыстарға бірқатар шектеулер қойылған. Сабыр мен сақтық – ел азаматтарының санасында салтанат құрса ғана, біз бұл індетті ел болып еңсеріп шығамыз.
Хаким КӨШҚАЛИЕВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.
