САНАДАҒЫ ОЙ, ТІЛДЕН ШЫҒАР

1  154 көрілім

Жаратушы жаратылыстың баршасын адам баласының санасына сыйдыра алмайтын теңдессіз өлшеммен жаратқан. Әрбір жаратылыстың теңдессіз екеніне саналы жан ой жүгіртетін болса, оны еріксіз түсінуге ұмтылады. Адам баласы, Алланың ерекше жаратқан жаратылысының ішіндегі төресі. Қасиетті Құранда оны ең көркем бейнеде жаратқандығын айтады. Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)? Бәләд сүресі 8-9 аяттар.

Оған сыртқы ортамен байланыс жасауға, ішкі жан дүние қазынасынан шығатын сезім мүшелерін берді. Олар: көру, есту, сезу, дем сезу, иіс сезу, сипап сезу мүшелері. Осы мүшелердің сезімталдықтарына ешкім қарсы келе алмайды. Себебі көзбен көрген-көрмеген нәрселерін санасымен саралай отырып, айналасымен қарым-қатынас жасайды. Сондықтан тілден шығатын сөзге Алла Тағала құдіретін беріп қойған.

Пайғамбарымыз с.ғ.у. «Кімде-кім маған жағы мен екі аяғы арасындағы мүшелеріне ие болуға кепілдік берсе, мен оған жәннатты болуға кепілдік етемін»-деген. Сол сөзбен бір жанның көңіліне қуаныш ұялатуға да болады. Болмаса оны ренжітіп, көңіліне қаяу түсіруге де болады. Екі адамды татуластырып, ұрыстыру қырық қабақ етіп қырылыстыруға да болады. Жәннатқа кіргізіп, тозақтан шығаруға немесе жәннаттан шығарып, жаһаннам отына да түсіруге де болады. Әли р.а «Айтпаған сөздің иесі – сенсің, ал айтылған сөз – сенің иең» – деген екен. Тіл деген сондай құрал оны ізгілікке пайдаланған жан екі дүниенің бақытына кенеледі. Тілге қатысты ғылымда бірнеше анықтамалар мен тұжырымдамалар берілген. Біз оның тереңіне үңілмей-ақ, қазіргі қоғамымыздағы оның атқарып жатқан қыр-сырларына тоқталайық. Алланың елшісі «ғибадаттың ең жеңілі және дене үшін ең оңайын айтайын ба? – бұл үндемеу мен көркем мінез» – деді. Тілімізді тыю, көркем мінездің қалыптасуына септігін тигізеді.

Тілден шығатын маржан сөздер ол адамның ой-санасының дұрыстығына тікелей қатысты. Ойдың бұзық болуының да бірнеше факторлары болады. Оны бір ауыз сөзбен «бір кем дүние» – деп қоя салайық. «Бір кем дүние» деудің астарында бәрібір, саналы жанның білім деңгейі тұратыны айқын. Санасының бұзылуын, оның жан дүние-қазынасынан шығатын сөзінен байқайсыз. Мына өмірінде болып жатқан қиыншылықтардың бәрін біреудің мойнына артып қоюды жөн санайды. Біле білсе, әр пенденің басындағы ауыртпашылығы Алладан деп біліп, сол бір сынақтан шығудың жолын қарастырып амал етуі қажет. Алла Тағала Рағыд сүресінде «Бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» – деген. Өзімізді жамандықтан жақсылыққа өзгерту кімнің қолында екен?! Әрбір жан ойлануы керек. Бәрі өз қолымызда.

Ол үшін мемлекетімізге, үкіметімізге, басшыларымызға, ата-аналарымызға, аға-бауырларымызға ешкімге ренжімей, нақты санамызды өзгертетін қадам жасауға ұмтылу. Сонда ғана, қоғаммен қарым-қатынасымыз жақсара түседі. Әйтпесе, барлық жағдайда өзіміз әр нәрседен жамандық іздеп отыратын боламыз. Яғни, тырнақ астынан кір іздеу деген сияқты. Ол біздің тілімізден көрініс табады. Бұл көрінісімізді қазіргі жиырма бірінші ғасырда ғаламтор арқылы аудио немесе видео жазбалар арқылы тарату. Қоғамның санасына жағымсыз (негатив) ақпаратты кіргізуге әрекет етеміз.

Қай кезде болмасын адам баласының басына әртүрлі сынақтар келіп отырады. Қазіргі мынау COVID-19 пандемиясы елімізде пайда болғаннан бері әлеуметтік желілер мен ғаламтор бетінде сан түрлі ақпараттардың тарауы. Солардың баршасы адам баласының тілдері мен санасында пайда болған дүниелерді таратуы. Ол дұрыс па, бұрыс па? Оның анық қанығына бармай таратумен қатар, өзінің пікірі қолтаңбасын қалдырып жатыр. Бұл әрекеттердің заңдық жауапкершілігі барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Біз әрқашан ресми ақпарат көздеріне сүйенуіміз керек. Ресми ақпарат көздері дұрыс ақпарат бермейді, деген пікірді ұстанудың өзі дұрыс емес. Сол себептен ой-санамыздың тек ізгілікке бағыштауымыз, қоғам ынтымағының кепілдігін қамтамасыз етеміз.

Түркістан топырағында асыл сүйегі жатқан Абылай хан бабамыздың алдына қазақ билері болып, бір топ кісі барған екен. Қалмақтың ханы Қоңтажыда қызымыз күң, ұлымыз құл болып қалады ма? – деп барған. Ертеректе сөзге тоқтайтын кезде, Абылай хан бабамыз шайқасуға ертерек, біз әлі де тілі өткір елші жіберіп сынасқанымыз жоқ. Елдестірмек елшіден деген, іріктеп елші жіберейік. Есе бермесе сосын шайқасармыз, – дейді. Бұл жауапты істі Қаракесек Келдібек биге жүктейді. Келдібек өзі бара алмай, өзіндей кісіні таба алмай, ұлы Қазыбек баласын сынамақшы болып соған міндеттейді. Ойын баласы Қазыбекке, балам сен осылай асық ойнап, тай үйретіп жүргенің жақсы ма? Әлде жақсылардың қасында жүріп ел танып, жер көргенің жақсы ма дейді. Балалықты тастап, ел танып, жер көріп, сөз таныған теріс болмас деп жолға дайындалады. Қоңтажы ханның алдына келіп, сөз бастаған Тайкелтір бидің үш-төрт ауыз сөзін тастай бергенде, хан оны екі ауыз сөзбен үзіп тастайды. Есік жақта еркелегендей болып отырған Қазыбек айналасына қарап ешкім ештеңе демеген соң орнынан атып тұрып, ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат – дейді.

Қоңтажы сонда өй өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті. Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ депті. Сонда хан ал датыңды айт дегенде. Қазыбек «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды. Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз» – деп тілінің шешендігі мен өткірлігінің арқасында тұтқында қалған ұл-қыздарымызды алып елге қайтқан екен. Әлемде тілсіз қоғаммен орта жоқ. Қазіргі қоғамда тілімізді игілікке пайдаланып, ел басындағы ауыр күнде жұрт санасын улаудан сақтанайық.

Мұсабек АҚТАМБЕРДІ,

Түркістан облысының бас имамы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы