16 ЖАСЫНДА МАЙДАНҒА СҰРАНҒАН АРДАГЕР

1  194 көрілім

Биыл 9 мамырда Ұлы Жеңістің 75 жылдығын қарсы алғалы отырмыз. Бұл күні адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын соғыс Ұлы Отан соғысы аяқталды. Осындай қастерлі мейрамның мән-мағынасы уақыт өткен сайын еш өшпек емес, себебі оның құндылығы ғасырлар бойы жаңа жас буын ұрпаққа өсиет боларлық Ұлы күн!

Осыған орай, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қаламызда көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагерлерін және сол отты жылдарда тылда еңбек еткен азаматтар жайлы басылым бетіне жариялауды көздеп отырмыз. Сонымен біздің алғашқы кейіпкеріміз ҰОС ардагері Әбжаппар Дайрабайұлы болмақ. Енді осы ардагердің өмір жолы мен соғыста көрсеткен ерліктері туралы баяндасақ.

Әбжаппар Дайрабайұлы 1927 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Фрунзе ауданы, Тартоғай ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келген. 1932 жылғы ашаршылықта Түркістан қаласындағы №3-4 балалар үйінде тәрбиеленеді. Одан соң Сауран станциясындағы Бимаш Дайрабайұлы ағасының қамқорлығында болған.

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Әбжаппар Дайрабаев 14 жаста болатын. 1943 жылы теміржол бойындағы байланыс бөлімінде жұмыс істеп жүрген Әбжаппар 16 жасқа толғанда әскерге сұранады. Жасы толмаған жігіттерді әскер қатарына алмау жөнінде сол кездегі Сталиннің бұйрығы болатын. Осыған арқа сүйеген военкомат қызметкерлері кері қайтарып отырады.

1943 жылы майдандағы жұмысын байланысшы болып бастаған Әбекеңді 1944 жылы теміржол торабын қалпына келтіру жұмыстары үшін Брянск қаласына алып кетеді. Мұнда кеңес әскерлерімен қатар, неміс тұтқындары да қираған вокзалдар мен депоны, теміржол мекемелері мен ғимараттарын үйінділерден аршып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Әбжаппар Дайрабайұлы 1946 жылы елге қайтарылады.

Осыдан соң Әбекең алдымен Түркістан педагогикалық училишесін бітіреді. 1949 жылы Алматыдағы шет тілдер институтына оқуға түседі. Жастайынан ашаршылық пен жоқшылықтың ащы дәмін татып өскен Әбекең алдында ағасы, артында бас көтерер інісі жоқ болса да қиындықтан өзі шығып жүрді. Алдымен неміс тілі факультетінің 2-тобындағы комсомол комитетінде қоғамдық жұмыстарды үздік жүргізді. Кейіннен институт комсомол комитетінде тұрмыстық секторын басқарады.

1953 жылы әрі жоғарғы оқу орнын бітіріп, әрі өмірлік жары Фатима Махфирқызымен елге оралады. Алғашында Сауран ауылындағы Бимаш ағасының қолына келіп тұрады. Алайда, өзінің де бала шағасы баршылық ағасының үйінде тұру қиын болатынын түсінген жастар Түркістан қаласына ауысады. Екеуі де жоғары білімді жас маман болатын.

Ол кезде қаланың «город» деп аталатын бөлігі мен теміржол вокзалы жанындағы ауылдың арасы 7-8 шақырымдай жер ашық болатын. Қазіргідей қалаішілік автобус жоқ. Ілінген көлікпен барып, ілінгенімен қайтасың. Мұны айтып отырған себебіміз Әбекең теміржол бойындағы бұрын өзі оқып кеткен Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебіне мұғалім болып орналасса, жақында ғана үйленген қалыңдығы Фатима «городтағы» «Ачполиметалл» комбинатының тұтынушылар одағының филиалында тауартанушы болып жұмысқа тұрады.

Әбекең екі жылдан соң оқу ісінің меңгерушісі болып, тағы бірер жылда Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебіне директорлық қызметке ауысады. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейін 30 жыл оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп үздіксіз қызмет етті. 1992 жылы зейнеткерлікке шыққалы бері қала өміріндегі қоғамдық жұмыстардан шет қалып көрмепті. Оның 23 жылын қалалық ардагерлер кеңесінде қызмет атқарып, кейінгі 10 жылында төрағалық қызметте болды.

Әбжаппар Дайрабайұлының ел алдындағы еңбектері жоғары бағаланып, қала, облыс әкімдігі мен мәслихаттары тарапынан бірнеше мәрте сый-сияпатқа ие болып, мақтау қағаздарын алды. Ұлы Отан соғысындағы және бейбіт өмірдегі еңбегі ескеріліп, бірнеше орден-медальдармен марапатталды. Қазақстан Республикасының және КСРО-ның халыққа білім беру ісінің үздігі атанған. Түркістан қалалық кеңесі атқару комитетінің үш шақырылымының депутаты болған, қаланың «Құрметті азаматы» атанды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың Ұлы Жеңістің 50 жылдығымен арнайы құттықтау хатымен марапатталған.

P.S. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, жеңіс үшін жанын берген аталарымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аталарымызды мақтаныш етеміз. Осы орайда, ел намысы мен Отан абыройы жолында от кешіп, кеудесін оққа тосқан ардагерлеріміздің есімін жаңғыртып, жас буын санасына сіңіре түсу – біздің басты борышымыз. Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген сүйіспеншілігінің, жастарды патриоттық сезім мен ерлікке тәрбиелейтін өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Өкінішке қарай, жыл сайын ардагерлердің қатары азайып бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Бірақ көзден кетсе де, олардың ерлігі көңілден кетпесі анық. Олар тек жеңіс әкеліп қана қойған жоқ, сонымен қатар ел еңсесін көтеруде аянбай еңбек етті.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы