6 сәуір күні оқу жылының соңғы тоқсаны да басталды. Алайда, мұғалімдер мен оқушылар бұрынғыдай мектепке бармады. Уақытша. Елде төтенше жағдай жариялануына байланысты талап солай. Газетіміздің өткен санында төртінші тоқсан басталысымен оқушылардың қашықтықтан оқитыны туралы қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековамен болған сұхбатта егжей-тегжейлі тоқталған болатынбыз.
Осы орайда, қаламыздағы бірқатар мектептердің ұстаздарымен әлеуметтік желіде хабарласып, қашықтықтан оқытудың қалай жүріп жатқаны жайлы көкейдегі сауалдарды қойып, оған шынайы жауаптар алдық.
Гүлшат ШЕРЕХАНОВА, М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі: – Қашықтықтан оқытуды 1 «А» сыныбымда жүргізіп отырмын. «Балапан» телеарнасынан берілген сабақтарды оқушыларыммен бірге қарадық.Телеарнадан берілген сабақ оқу бағдарламасына сай, біздің күнтізбелік жоспарымыздағы тақырыппен өтті. Әрі қарай сабақты жалғастырып кетуде ешқандай қиындық туындаған жоқ.
Оқушылардың ата – аналарымен алдын ала түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ZOOM платформасында ата – аналар жиналысын өткіздім. Жиналыста қашықтықтан оқыту қалай жүзеге асатынын түсіндірдім. Ата – аналар тарапынан оқушыларды интернет желісімен, смартфондармен қамту бойынша ешқандай мәселе туындаған жоқ. Жалпы сыныбымда 31 оқушы бар. Оқушылармен алдын ала өткізген сынып сағатында телеарна сабақтарының кестесі берілген болатын.
Қашықтықтан оқытқан алғашқы сабағыма оқушыларым түгел қатысты. Мектепті сағынып қалған балаларым тапсырмаларды белсене орындап отырды. Бірінші сынып оқушылары болғандықтан ата – аналар тарапынан смартфондармен жұмыс істеуде көмек болды. Сұрақтарыма ауызша аудиохабарлама арқылы жарыса жауап берді. Жазба жұмыстарын өздерінің жұмыс дәптерлеріне орындап, маған суретке түсіріп жіберіп отырды. Мен жұмыстарын тексеріп, кері байланыс жасадым.
Бір үйде бірнеше баласы бар ата – аналарға үй тапсырмасын келесі сабаққа дейін жіберулеріне болатыны хабарланды. Алғашқы күннен қиындық тудырмаған жаңаша оқыту жүйесін әріптестеріммен бірге абыроймен алып шығатынымызға сенімдімін. Мектеп тарапынан смартфон алып беретін қажеттілік туындаған жоқ.
Сабақтан кейін ата-аналардың өздері кері байланыс беріп жатты. «Отыз баланы оқыту қандай қиын екенін енді түсіндік. Өйткені, алдымыздағы бір баланы әрең оқытып отырмыз. Балаларымыздың мектепке барып оқығаны әлдеқайда жақсы екен» деп, өздерінің пікірлерін жеткізді.
Мухаббат ТӨЛЕШОВА, Ататүрік атындағы мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:- Иә, алғаш рет қашықтықтан сабақ өттім. Сабақ 5 сынып пен 11 сынып аралығында болды. Қиыншылықтар интернет желісінің төмендігі болды. 5 сыныпқа жаңа сабақты түсіндірдім. Оқушыларға алғаш рет болған соң қызық болды. Сұрақтарға жарыса жауап берді, жаттығуларды дәптерлеріне жазып көрсетіп, түсінбеген сұрақтарын қойып отырды.
Оқушылар бір-бірінің қателерін де түзеп кері байланыстарын беріп отырды. Сондай-ақ, 7 сыныпта да сабақ қызықты әрі тартысты өтті. Оқушылар өз ойларын аудио арқылы жеткізіп те отырды. Бір біріне сұрақ қоюға да тырысады. Менің ойымша қашықтықтан оқытудың тағы бір жақсы жағы ұяң оқушылар мұғалімді көрмеген соң өз ойларын еркін айтты. Мектепте ұялатын оқушылардың белсенділік танытқанына қуандым.
Жалпы айтқанда алғашқы сабағым өз мақсатына жетіп оқушыларға түсінікті болды деп ойлаймын. Иә, барлық оқушылар смартфонмен қамтылған кейбір оқушылар ата -анасының ұялы телефондарын қолданды.

Айгүл ЖАЙДАРХАНОВА, Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі: – Қашықтықтан оқыту жүйесі әлемде қолданылғанмен біздің елде әлі жүзеге аспаған. Бірақ төменгі сынып балаларымен және ата-аналармен психологиялық жағынан жақсы дайындык жүргіздік. Бірнеше жоба сынама сабақтар жіберіп, жобалау барысын көрсетіп, үйреттік. Өзіміздің педагог әріптестермен ақылдаса отырып, ортақ шешімге келіп жұмыс жасаудамыз. Алғашқы сабағыма 30 оқушы түгел қатысты. Әрбір сабаққа кері байланыс бере білді. Техникалық құралдары жеткілікті болды. Бұл бастама жаңашылдық болғандықтан ата-ананың көбіне түсініксіздеу болғанымен балалар үшін өте қызық болды. Себебі, балалар менің әрбір тапсырмамды дереу нәтижелеп беріп отырды.
Жаңартылған білім беру бағдарламасын ең алғашқы бастаған көшбасшысы біз болатынбыз 2016 жылы. Биыл бізде 4 сынып осы бастауышта жоғары сатыдамыз. Оқу материалдары күрделірек. Үйде отырған қарапайым ата-анаға сәл қиындық туғызды. Осы орайда ата-аналардың пікірі мен ұсынысы: үй тапсырмасы мейлінше ықшамды, нақты болса,- дейді. Себебі, ол кісілерде бір үйде бірнеше бала болғандықтан оларды үлгертуге қиналады. Балалары жарысқан кезде ата-аналар да толқулар болуда. Бірақ, алғашқы сабақта ата-ана да, балалар да жақсы нәтиже көрсете білді. Қашықтықтан оқыту меніңше білім жағынан қиналатын ата-анаға ғана қиындық туғызады. Сондықтан, ата-анаға уақыт қойып, шектеп, қыстауға да болмайды. Ата-ана өзінің мүмкіндігіне, бала санына қарай үлгеріп кері байланыс жасайды.
Жалпы тоқсандағы сабақтарымыз өз жоспарыма сай. Атап айтсақ, ресурсты материалдар ақпарат көздерінен тікелей алынып, балаларға сілтеме берілген. Аман-есен бір аптаны өткізсек, алдағы уақытта ата-ана да, оқушы да мұғаліммен тығыз байланыста болуды үйренеді. Ел болып осы індеттен аман-есен шықсақ бұл күндер де артта қалады. Келешекте техниканың дамитын заманы болады. Болашақта керемет техник жастар бүгінгі балалардан шығады,-деп ойлаймын. Келешекте көптеген мамандықтар техникамен байланысады соның бастамасы қалануда деп сенімді айта аламын.
Ата-аналар тарапынан 2-3 тапсырманың көптігі айтылды. Біздің дайындаған тапсырманы оқушылардың 60-70 пайызы өздігінен орындай алса, кейбір балаларға көмек қажет. Ол дегеніміз әр сыныпта бала білімі үш сатыда өлшенеді. Өте жақсы, жақсы және үлгерімі кей пәндерден қиналатын балалар. Мысалы: қазақ тілі, ағылшын, т.б. пәндер. Балалар әдебиеттен түсінік айтуда қиналмады, бірақ математикадан өзіндік жұмыс орындауда қиналуда. Жаңартылған білім беру бағдарламасында біз баланы білу керек, үйрену керек, өзі іздену керек дейміз. Сонда да баланың деңгейі бірдей емес, оны біз тапсырма беруде байқаймыз.
Осы орайда, айтар ұсынысым: бір күнде екі немесе үш негізгі пәндер болғаны тиімді. Көркем еңбек, өзін өзі тану пәні, т.б. яғни, жеңіл пәндерді ықшамдауымыз қажет. Мысалға осы пәндермен есептесек әр балада 5-6 пән. Ал, кейбір ата-аналарда үйде 3 бала болса 15-18 тапсырма орындауға тура келеді. Сондықтан, ата-анаға бұл пәндердің барлығын орындату қиындыққа соғады. Ата-аналар тапсырмадан қиналмайды, уакыттан қиналады.
Нұрбол НҰРЛЫБАЕВ, С.Сейфуллин атындағы мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі: Жалпы қашықтықтан оқыту біз үшін алғашқы тәжірибе болғандықтан, кемшіліктер жоқ емес, болды. Дегенмен сабақты жоспарлағандай өтіп шықтым. Оқушыларға да алғашқы қадам болған соң ба, әлде қызық көрінді ме, сабаққа белсене қатысуда. Оқушылардың басым көпшілігі берілген ресурстарды қарап, оған кері пікірлер айтып, салыстырмалы болжамдар айтуда.
Тапсырмаларды орындау барысында кездескен қиындықтарды шешудің жолдарын мұғалімдермен бірлесе қызу талдау жүргізудеміз. Барлық оқушылар уақыттарын үйлестіріп маңызды сабақтарға қатысуға тырысып бағуда. Кейбір оқушылардың кері байланыс кезінде «әттең жүгіріп барып сұрағанға жетпейді екен» деген пікірлері де болды. Біз ұстаздар қауымы әрқашан қиындықты бірлесе жеңеміз.
Міне, ұстаздардың пікірінше, қашықтықтан оқыту барысында айтарлықтай қиындық орын алмаған. Осы орайда айтарымыз, елдегі жағдайға өз тарапымыздан қолдан келгенше түсіністікпен қарап, қолдау керекпіз. Елімізде алғаш рет қашықтықтан оқыту болып жатқандықтан, кем-кеттік жерлері болуы мүмкін. Соның бәрін түсіністікпен қабылдауымыз қажет. Әрі мынадай жағдайда ең бастысы, үйде болып, өзіміздің және балаларымыздың денсаулығын ойлағанымыз абзал. Ендеше, «қиындықты бірлесе жеңеміз» деген ұстаздар қауымын қолдай отырып, дәстүрлі өмірімізге оралатын күн жақын деген сенімдеміз.
Ләззат САРЫБАЕВА.