Түркістан қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал БАТЫРБЕКОВА:«БІЛІМ САЛАСЫНДА БОЛЫП ЖАТҚАН ПРОЦЕСТЕР БІЗГЕ ТЕК ПАЙДАСЫН ТИГІЗЕТІН БОЛАДЫ»

4  602 көрілім

Елдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты бөлім тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды білу мақсатында Түркістан қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековамен хабарласып, жедел-сұхбат алдық.

– Ақмарал Үсенқызы елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушыларын онлайн оқыту жүйесін қолға алу басталды. Дегенмен, бұдан бұрын мұндай жағдай болмағандықтан яғни осындай тәсілмен жұмыс жүргізілмегендіктен педагогтар арасында қиындықтар тудырып жатқан жоқ па? Түркістан қалалық адами капиталды дамыту бөлімі тарапынан мұғалімдермен қатар, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына қашықтықтан оқытудың қыр-сырлары түсіндірілді ме? Жалпы, түркістандық ұстаздар қашықтықтан оқытуға дайын ба?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде 1 айлық төтенше жағдай жариялап, барлық білім беру мекемелерінің жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Бүгінгі күні коронавирустің таралуына қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында мектептер 6 сәуірден бастап төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. Осы уақытқа дейін мұғалімдер сабақ барысында цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен жұмыс жасап келген. Қазіргі таңда мектеп әкімшілігі, пән бірлестік жетекшілері, мұғалімдер қашықтықтан оқытуға ауысу бағытында белсенді дайындық жұмыстарын атқаруда.

Қашықтықтан оқыту жүйесін қолға алу карантин жарияланған уақытта оқушылардың білім сапасын күнделікті қадағалап, жалпыға міндетті білім стандартындағы талапқа сәйкес білім игертудің жалғыз жолы. Білім және ғылым министрлігі осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделеп отыр. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтықтан оқу режиміне көшкен. Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда.

Қашықтықтан оқыту жүйесі жалпы педагогтарға жат дүние деп айта алмаймын. Себебі біздің педагогтар соңғы жылдары онлайн сабақтар, вебинарлар өткізуді біршама меңгерген. Педагогтарға түсіндірме жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда барлық педагогтар қашықтықтан оқытуды игерген. Бұл бағытта педагогтарға электронды журнал, скайп, теле-сабақтар, google.сlassroom, moоdlе, zoom, электронды пошта, watsАрp чаттар, opik.kz, телеграмм, ютуб каналдары және т.б. қолдануы ұсынылып, педагогтар тәжірибелерін сынап көруде.

– Қашықтықтан оқыту барысында оқушылар мен ұстаздарда ноутбук пен смартфон болу керектігі шарт па? Бұл жағы қарастырылды ма?

– Қашықтықтан оқыту барысында оқушылар мен ұстаздарда ноутбук болғаны тіптен жақсы. Егер де оған жағдай болмаса, смартфон арқылы да жұмыс жасай береді. Қазіргі таңда мектептерімізде бар ноутбуктарды уақытша педагогтарға пайдалануға беріп отыр. Бұл жерде ноутбук негізінен сабақ өтетін педагогтарға көбірек қажет болады. Ал қалған педагогтар мен оқушыларда смартфон болса жеткілікті.

Білім және ғылым министрлігі бізге қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір мектептер бұл жұмысты бастап кетті.

– Қазіргі таңда «Балапан», «Ел арна» телеарналарында мектеп оқушыларына қашықтықтан сабақтар өткізіледі дегенді естудеміз. Осы сабақтардың уақыты тым аз емес пе? Біздің Түркістан қаласында қазақ жалпы орта мектептерімен қатар, орыс, өзбек тілдерінде білім алатын оқушыларға қашықтықтан оқыту жүйесі қалай өткізіледі? Бұл жағы қарастырылған ба? Осы мәселе де ата-аналарды қатты алаңдатуда.

– Соңғы уақытта мектептерде оқу процесі қалай ұйымдастырылатыны ата-аналарды қатты алаңдатуда. Өйткені төртінші тоқсанның басталуына аз ғана күн қалды. Иә, «Балапан», «Ел арна» телеарналарында төртінші тоқсан басталысымен күнде 1-11 сынып оқушыларына арнап аптасына бес күн сабақ өткізіледі. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған. Онлайн сабақтардың лекциялары министрлік тарапынан 10-15 минут көлемінде болуы ескертілген.

Қазіргі таңда мектептің барлық IT мамандарына мектептен ютуб каналдарын ашу туралы тапсырма бердік. Мектеп ұстаздары 4 тоқсан басталғанша бір апта бұрын сол аптаның бейне сабақтарын өз ютуб каналдарына жүктеп қояды. Оқушылар сабақ басталған уақытта өзінің немесе ата-анасының смартфон телефондары арқылы бейне сабақтарды көріп, жұмыс жасай алады. Сонымен қатар, watsАрp желісі арқылы ашылған әрбір сыныптың чатына пән мұғалімдері де қосылады. Осы чаттар арқылы пән мұғалімдері оқушылармен кері байланыс жұмыстарын жүргізе алады.

Бұл орайда өз баласының біліміне алаңдаған әрбір ата-ана балаға жағдай жасау керек. Әсіресе көпбалалы отбасында 1 ғана смартфон болса, әр баласының бейне сабақтарын көруіне ата-ана кесте әзірлеп қою керек және кері байланыс жасауына да мүмкіндік беруі қажет.

Сонымен қатар, оқушыларымыз арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтарды көруіне болады. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ кері байланыс орнатуға, жеке-дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді. Бұл формат арқылы оқушылар тестілеу жұмыстарын өткізіп, алған білімдерін бағалай алады. Бүгінгі таңда мемлекет балаларымыздың барлық керек ақпаратты тегін алуына мүмкіндік жасап отыр.

Осындай қиын кезеңде, жаңа әрі белгісіз нәрсеге деген қорқыныш сезімінің болуы – қалыпты жағдай. Осы орайда ата-аналарға мұндай жағдайда ешбір алаңдамай, білім беру саласында болып жатқан процестер бізге тек пайдасын тигізетіндігін ескерткім келеді.

– Жалпы қашықтықтан оқыту туралы түсіндіріп айтып кетсеңіз? Телеарнадан берілетін сабақтар толық сабақ болып есептеледі ме? Түркістандық мұғалімдер үйлерінде отырып, қашықтықтан қосымша сабақтарды жүргізеді ма?

– Қашықтықтан оқыту аты айтып тұрғандай сыныпта емес, интернет желісі арқылы әрбір үйде балаға қашықтан білімнің берілуі. Бұл жерде педагогтар сабақ түсіндіру барысында оқушыларды қызықтыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді, интернет ресурстарында пайдаланады. Телеарналардан берілетін сабақтар балалар үшін қосымша білім алу болып табылады. Ол жерде әрбір оқушымен жеке жұмыс жасауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан мектеп ұстаздары әрбір оқушының жасаған жұмысын, орындаған тапсырмасын кері байланыс арқылы ғана тиянақтап отыра алады.

Дегенмен, Білім және ғылым министрлігі жалпы білім беретін мектептерде қашықтықтан оқытудың нақты бір жүйесін 4 тоқсан басталғанға дейін ұсынады деген ойдамыз.

Үлкен дайындық үстіндегі ұстаздарымыз бұл кезеңнен де сүрінбей өтеді деген сенімдемін. Қашықтықтан оқытуды түркістандық ұстаздар толық алып шығады. Өйткені педагогтар барлық арнайы курстардан өткен.

Бұл орайда, білікті мектеп басшыларының үлкен көмегі керек. Әрбір мектепте дұрыс ұйымдастырылған жұмыстар балаға сапалы білімнің берілуін шешеді.

– Сауалымызға тұшымды жауаптар бергеніңізге рахмет. Алла қаласа коронавирус жойы-лып, еліміздің оқушылары білім-дерін өз сыныптарында оқитын, ұстаздар қауымы өз жұмыстарын жалғастыратын күн тезірек болсын,- деген ақ тілектеміз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы