Түркістан облысы, Жетісай ауданында маскалық режимі енгізіледі, деп хабарлайды «Yassy-tur.kz» ақпараттық агенттігі Жетісай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің ресми мәліметіне сүйене отырып.
«Баршамызға белгілі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдай енгізілген болатын. Осыған орай төтенше жағдайға байланысты құрылған штабтың шешіміне сәйкес аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирус індетінің алдын алу мақсатында Жетісай ауданына маскалық режим енгізілетінін хабарлаймыз» – деп жариялады аудан әкімдігінің баспасөз өкілі.
Осыған орай көшеге шығар кезде жалпы қоғамдық тәртіпті сақтауға, мейілінше кез келген жерге маскасыз бармауға кеңес беріледі. Төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзғандар ҚР-ның Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатындығы ескертілді.
Еске салсақ, Түркістан облысында коронавирус жұқтырды деп тіркелген 5 азамат Жетісай ауданының тұрғыны. Бұл туралы облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов Түркістан Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Қазіргі таңда науқастар оқшауланып, медицина мамандарының бақылауында.
