Түркістан облысы, Ордабасы ауданында жергілікті тұрғындар, кітапханашылар мен еріктілер бас қосып, бетперделер тігуді қолға алды. Бүгінгі басқа түскен қиындықта ел болып еңсеретін, жұдырықтай жұмыла әрекет етуді қажет ететін уақытша дүрбелең екенін айтып жергілікті билікке тұрғындар өздері ұсыныспен келген.
Қауіпті індеттің өршуіне байланысты медициналық бетпердеге сұраныстың артқаны белгілі. Әзірге жаңадан қолға алынған қорда 31 мыңнан астам бетперде бар. Сонымен қатар, аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған 105 отбасыға бір айлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры таратылып берілді. Оған жергілікті халық қалаулылары мен кәсіпкерлер демеушілік жасады.
Аудан бойынша короновирус дертіне байланысты 5 бағытта тәулік бойы жұмыс істейтін 5 блок – бекеттер орнатылды. Онда полиция мен медицина мамандары әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, қатаң тексерістен өткізуде. Жергілікті әкімдік тарапынан ыстық тамақ та ұйымдастырылып берілуде.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
