БІР ОТБАСЫНЫҢ БАҚЫТЫН САҚТАҒАН САҚШЫЛАР

1  176 көрілім

Естеріңізде болса таяуда Түркістан қаласы, «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан белгісіз азаматша секірмекке бекінгені жөнінде бейнежазба тараған болатын. Белгісіз себептермен өзіне қол жұмсамақ ниетіндегі жанды аман алып қалу оңай емес екені анық.

Тарқатып айтсақ, наурыздың алғашқы күндерінің бірінде Түркістан қалалық полиция басқармасына орталық аурухана дәрігерлерінен хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобымен толық құрамда шығып тексеру барысында Түркістан қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғыны сағат 12:00 шамасында өз үйінде өзіне қол жұмсамақ мақсатында бесінші қабаттағы балконнан секірмекке бекінгені анықталған.

Бұл жайға көз жеткізген Түркістан ҚПБ-ның жергілікті полиция қызметінің өкілдері соңы қайғыға ұласатын оқиғаның алдын алу үшін іске кіріседі. Түскен хабарлама бойынша учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Қ.Нармухамедов, полиция лейтенанты Н.Жұмабай Р.И-дің (аты өзгертіліп алынды) әрекетін шектеу мақсатында пәтерінің құлыптаулы тұрған есігін ашып кірген. Бұл уақытта аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Б.Оразбеков балконнан асып, өзін-өзі жерге тастауға әрекеттенген Р.И-ді сөзге айналдырып, кауіпсіздік шараларын жүргізіп, оның секіру мақсатындағы райынан қайтаруды қамтамасыз етіп тұрған. Осы сәтте пәтер есігінен кірген қос полицей көп назарын өзіне аударған адамның өмірін құтқаруда әбжілдік танытып, Р.И-ді ұстап, сыртқа алып шығады.

Иә, бұл жерде адам тағдыры сынға түскен сәт. Өзіне қол жұмсауға әрекеттенген жанды ажалдан аман алып қалу екі кісінің бірі атқара салатын іс емес. Осындай күрмеуі қиын өмір мен өлім арасындағы сын сағатта жігерлілік танытып, жеке бастарын қатерге байлаған тәртіп сақшылары бұл оқиғаны абыроймен аяқтады. Енді қаламыздағы көпбалалы бір отбасының жарқын болашағы өз жалғасын таба беретін болады.

Иә, адамның өз өмірін қиюы дін жолында да жақсы сипат алмайды. Былайша айтқанда, бұл адамның өзінің «ішкі болмысына» жасалған қатігездігі, яғни жауыздығы. Мұндай шешімге әдетте рухани әлсіз, психикалық тұрғыдан тұрақсыз адамдар шалдығады. Сондай-ақ, өз-өзіне қол жұмсауға күнделікті күйзеліс түрткі болуы да мүмкін. Полицейлердің де топшылауы солай. Сондықтан бұл бағытта әлі де болса жетілдіре түсетін шаралар аз емес деп айтуға болады.

Мәлік ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы