Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өңір-өңірлердегі кәсіпкерлер Елбасымыздың үндеуіне үн қосып, коронавирус індетіне қарсы күреске қаржылай қолдау білдіріп жатыр. Сондай игі істің бірін Түркістан өңіріне кеңінен танымал кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты, “Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі Серікжан Сейтжанов жалғастырып, 100 млн теңге қаржылай көмек аударды.
Белгілі меценат бұған дейін де қайырымды істердің басы-қасында жүргенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Қазір де осы ісімен түркістандық бизнесмендерге үлгі көрсетіп отыр.
«Коронавирус тек біздің елді ғана алаңдатып отырған жоқ. 120-ға жуық мемлекетке тарап, үрей туғызып келеді. Осы ретте Елбасының үндеуіне үн қосып, осы індетке қарсы күрес жұмыстарына 100 млн теңге бөлуді азаматтық парызым деп отырмын. Бұл қиын кезеңдер де артта қалып, індет ауыздықталады деп сенемін. Осындай қиын-қыстау сәтте елдігімізді көрсетіп, ынтымақ, бірліктің арқасында жеңіп шығуға шақырамын”,-деді халық қалаулысы.
Ләззат САРЫБАЕВА.
