МАҚТААРАЛДЫҚ ЕРІКТІЛЕР БЕТПЕРДЕ ТІГУДЕ

849 көрілім

Күн санап шалдыққандардың қарасы қалыңдап келе жатқан қауіпті індеттің алдын алуға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Жағдайды пайдаланып кейбір кәсіпкерлер қыруар пайда табуға ұмтылса, енді бірі қайырымдылық жасап, алғысқа бөленуде.

Елдің ыстық ықыласына бөленіп отырған сондай жандардың бірі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентінде орналасқан «Қазына 1» бөбекжай балабақшасының құрылтайшысы Әдемау Әбдіманапова. Аудандағы «Нұрлы жол», «Рзуан ана», «Жан-Көркем» және «Қазына 1» балабақшаларының қызметкерлерінен құрылған еріктілер тобы біргелікте бетперде тігуді қолға алып отыр.

Аудан әкімдігінің үйлестіруімен қолға алынған шараға ауданның ерікті жастары да атсалысуда. 40-қа тарта қыз-келіншек екі ауысымда жұмыс істеп, тәулігіне 2000 дана бетперде тігуде. Жергілікті кәсіпкер Әдемау Шәріпқызының қаржысына тігіліп жатқан медициналық бетперделерді аудан әкімдігі арзан бағада сатып алып, тұрғындарға тегін таратуда. Кәсіпкердің мұндай әрекетке баруына елдегі жағдайға байланысты бетпердеге деген сұраныстың артуы, тапшылығы себеп болған.

«Елдегі карантинге байланысты кейбір бас пайдасын ойлаған жандар жағдайды пайдаланып, бетперденің бағасын қымбаттатып отыр. Сол арқылы пайда табуды көздеп те отыр. Осындай қиын сәтте қолынан тігіс келетін әріптестерімнің, жастардың басын қосып, бетперде тігуді қолға алдық. Қиын-қыстау сәтте қолымыздан келетін іспен айналысып, елге пайдамыздық тигізсек дейміз»,- дейді ол.

Кәсіпкердің игі бастамасына ризашылығын білдірген Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов алдағы уақытта кәсіпкерге жан-жақты қолдау білдіретінін, бетперде тігуге қажетті заттармен қамтуда ешқандай қиындықтың болмайтынын айтты.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы