ҰСТАЗДАР ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

1  290 көрілім

Биылғы жыл қуанышы мен жақсылығы мол жыл болды. 2018 жыл еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдығын тойласақ, киелі Түркістанның облыс орталығы атанған жылы ретінде де есте қалары анық. Сонымен қатар, біз яғни Түркістан қаласындағы білім саласының қызметкерлері үшін тағы бір естелігімен есте қаларлықтай болып отыр. Биыл ұстаздарымыздың төл басылымы – «Ұстаз» газеті де 20 жасқа толып отыр. Сондықтан да қалалық білім бөлімі мен редакция ұжымы ұстаздар арасында волейболдан турнир ұйымдастырып, жабылу салтанатын жоғары деңгейде өткізді. 1998 жылы алғашқы саны жарық көрген «Ұстаз» газеті бүгінде ұстаздардың айнасына айналды десек артық айтқандығымыз емес. Белгілі педагог, қаламы қарымды журналист Ғани Жақсылықұлы Ысқақовтың бастамасымен, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Жарқынбек Құлбайымбетовтың қолдауымен өмірге келген газет 20 жыл ішінде қала жаңалықтарынан басқа қаладағы білім саласының тыныс-тіршілігін, жаңа әдістемелер мен технологияларды педагогтарға жеткізіп отырды.

2005 жылдан бастап жыл сайын мұғалімдер арасында газеттің алғашқы редакторы Ғ.Ысқақовты еске алуға арналған қалалық волейбол турнирін өткізу дәстүрге айналған. Бұл турнир биыл да өз жалғасын тауып, он төртінші рет жалауын көтеріп отыр. Биылғы жарыс тағы бір өзіндік жаңалығымен ерекшеленіп отыр. Түркістан қаласы облыс орталығы атануына байланысты қалаға қарасты ауылдық округтер Кентау қаласының қарамағына өткен. Сонымен қатар, осы ауылдарда орналасқан мектептер де «кентаулық» атанды. Бұдан бұрынғы турнирлерде белсенді қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген мектептерімізді ескере отырып, жарыс екіге бөлініп өткізілді, яғни түркістандық және кентаулық мектептер. Жүлделі орындар да бөлек сарапқа салынды.

Жарыстың жабылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков пен қалалық ҰОС және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов білікті педагог, қарымды қаламгер Ғани Жақсылықұлы жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның өмір жолын кейінгі буын ұстаздарға үлгі етті. Сонымен қатар, газеттің бүгінгі қызметіне жоғары бағаларын беріп, редакция ұжымымен қатар оқырмандарын да газеттің 20 жылдық мерекесімен құттықтады. Ал, қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Диана Абайқызы да өзінің жылы лебізін жеткізіп, сый-сияпатын тапсырса, әке жолын қуып, бүгінде белгілі журналист болып қалыптасқан Ақмарал Ғаниқызы ұстаздар қауымына ризашылығын білдіріп, әкесіне арнаған өлеңін оқыды. Шара марапаттау салтанатымен жалғасын тапты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл жарыс биыл 14-рет өткізіліп отыр. Осы жылдар ішінде өткізілген турнирлерде белсенділік танытып, жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне қомақты үлес қосып келе жатқан ұстаздарымызға қалалық білім бөлімі және редакцияның алғыс хаттары мен сыйлықтары табыс етілді. Сонымен қатар, ХІV волейбол турнирінің жоғары дәрежеде өтуіне үлестерін қосқан жандар да марапаттан тыс қалмады. Турнир барысында өзінің үздік ойын-өрнегімен дараланғандар «Үздік ойыншы», «Үздік қорғау-шы», «Үздік шабуылшы», «Ардагер ойыншы» және «Ең жас ойыншы» номинацияларына ие болды.

Турнир барысында үздік ойындарымен дараланып, командалар ішінде үздік шыққан «Тұран» жалпы орта мектебінің командасы жарысқа қатысқан кентаулық ауыл мектептері арасында жеңімпаз атанды. ІІ орынды «Қызыл Әскер» жалпы орта мектебінің командасы иеленсе, екі бірдей ІІІ орынды М.Мұса атындағы және «Қызыл жол» жалпы орта мектептерінің командалары қанжығаларына байлады. Ал, түркістандық командалар арасында Р.Есетов атындағы №20 жалпы орта мектебі жүлде қорларын газеттің тағы бір кубогімен толықтырды. ІІ орынды М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының командасы иеленсе, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейі мен Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның командалары ІІІ орыннан көрінді. Аталған командалардың барлығын қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, қалалық ҰОС және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Д.Турманова, қалалық спорт бөлімінің басшысы Қ.Айдарбековтер марапаттап, қалалық білім бөлімі мен редакцияның арнайы дипломдарымен қатар заттай сыйлықтарын табыс етті.

А.ИСХАКОВ,

«Ұстаз» газетінің бас редакторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы