ӨКІЛ ИМАММЕН ӨТКЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ

1  584 көрілім

Түркістан облысының өкіл имамы және “Түркістан-Қожа Ахмет Яссауи” мешітінің бас имамы Мұсабек Ақтамберді мырзамен кездесуіміз мағынаға толы болды. Таяуда ғана Бас Мүфти Серікбай қажы Ораздың тағайындауымен «Рухани астанаға» табан тіреп, қасиетті өңірдің руханиятын өркендету жолында жауапкершілік жүгін арқалаған Мұсабек Ақтамбердіұлымен болған аз-кем сұхбатымызда келелі ойлардың тиегін ағытқандай болдық.

– Мұсабек Ақтамбердіұлы, өзіңіздің өмір және еңбек жолыңыз туралы баяндап өтсеңіз?

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Мен 1972 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келдім. 1989 жылы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіріп, Забайкалье әскери округі Чита қаласында әскери борышымды өтедім. 1993-1994 жылдары Шымкент қаласы «Қошқар ата» (қазіргі Дәуітұлы Шыңғысбай қажы) мешітінде діни сауат алдым. 1994-1996 жылдары Алматы қаласындағы орталық мешіттің жанындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ислам институтын тәмамдадым. 1997-1998 жылдары Алматы орталық мешітінде көмекші имам, Шымкент қаласындағы «Қошқар ата» мешітінде найб имам болдым. 1998-2004 жылдары Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетінің араб тілі бөлімінде оқып, араб тілі пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. 2004-2005 жылдары Шымкент қаласындағы «Ислам жолы» мешітінде бас имам қызметін атқардым. 2005-2007 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «философия және саясаттану» факультетінің дінтану бөлімінде «Қазақ халқы салт-дәстүрінің ислам дінімен байланысы» атты тақырыпта академиялық деңгейде магистрлік диссертациясын қорғадым. 2008 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы өкіл имамының көмекшісі, 2009 жылы Қызылорда облысында өкіл имам қызметтерін атқардым. 2009-2011 жылдары ҚМДБ-нің діни істер бөлімінің меңгерушісі, 2011 жылы Алматы қаласы, Жетісу ауданы, «Әмин» мешітінің бас имамы, 2016-2018 жылдары Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Айтбай ата – Ақмешіт» мешітінің бас имамы, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы өкілінің орынбасары қызметтерін атқарып келдім. Ал, 2018 жылдың қазан айынан ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкіл имамы, «Түркістан Қожа Ахмет Яссауи» орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарып келемін.

– Мұсабек Ақтамбердіұлы, Сіздің бұл қызметке келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Алдағы уақытта облыс көлемінде атқарылатын жұмыс жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіру жөніндегі ше­шімін жариялауы тек өңір жұртшылығын ғана емес, тұтас халқымызды қуанышқа бөледі. Ұлық дініміздің таралуына, орнығуына өлшеусіз еңбек сіңірген рухани ұстаз Ахмет Ясауи еңбектері дүниеге келген киелі Түркістанға көшу – «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасын орындау барысындағы үлкен та­ри­хи шешім болды. Осы тұста Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Елбасымыздың шешіміне сәйкес қасиетті мекеннен өз өкілдігімен қатар, кеңсесін ашты. Кеңсе басшылығына ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тағайындалды. Өкілдік Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарымен қатар Шымкент қаласына өңірлік өкіл болды. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, найб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен облыс көлемінде біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Кентау қаласында «Қарилар дайындау орталығы» ашылды. Бүгінде бұл орталықта 40-қа жуық жастар Құран жаттап, қари болуға дайындалып келеді. Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған жұмыстарды ары қарай жалғастыру маған жүктеліп отыр. ҚМДБ-ның тапсырмасына сәйкес, 4 бағытта жұмыс жасау, яғни жат ағымдармен, діни оқу-ағарту, қоғамдағы әлжуаз топтарға қайырымдылық шаралар ұйымдастыру, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-насихаттық топтар арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу көзделген. Біздер аталған бағытта жұмыстарды тұрақты өз деңгейінде жүргізіп келеміз. Сонымен қатар, ҚМДБ тарапынан Астана, Алматы қалаларында имамдардың біліктілігін жетілдіру мақсатында мешіт имамдары 2 айлық оқуға баруда. Жақында облыс көлемінде 10 имамды жат діни ағымдардан алдын алудың амал-тәсілдерін үйрету мақсатында 25 күндік оқуға жібергелі отырмыз. Түркістан облысы көлемінде ҚМДБ-на қарасты 720 мешіт бар, онда 945 діни қызметкер жұмыс жасайды. Облыс көлемінде діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында мешіт имамдары тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл ай Мәуліт айымен тұспа-тұс келіп отыр. «Мәуліт» сөзі араб тілінен аударғанда қазақша «туылған күн» деген мағынаны береді екен. Бұл атау – Аллаһ Тағаланың ең сүйікті пендесі, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына қойылған. Мәуліт мерекесін облыс көлемінде атап өту үстіміздегі жылдың желтоқсан айының алғашқы 10 күндігінде өткізу жоспарланып отыр. Мәуліт айы мүбәрак болып, әр отбасына бақыт, береке қонғай! Мұсылман қауымның мерейлі, шаттық мерекесі – Мәуліт айымен қауыштық. Ұлық мереке құтты болсын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Қ.ЕСЕНБЕКҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы