МЕРЕКЕ ИГІ ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ БОЛСЫН

910 көрілім

Күн мен түн теңеліп, Жер-Ана қыс құрсауынан босап, тіршілік атаулыға жаңаша леп беретін наурыз айында елімізге Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі де келіп жетті. Шығыс халықтарына ортақ бұл мейрам бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, ізгіліктің белгісі.

Мерекелердің төресі және ең көнесі, жер ананың омырауы иіп, тұла бойы исінетін, табиғат жан-дүниесімен жадырап, өзегінен қауашақ жарып, өмірдің нәрін көктететін, тіршілік біткеннің тулай аққан қанын жаңаша жасартатын, ең бастысы жасанды емес, табиғаттың өзі, Тәңірдің қалауымен тойланатын текті мереке.

Ұлыстың ұлы күні жеті дәмнен нәрлі көже жасап, жаттың да жақынның да бір-біріне дәм татқызатын, ақ дастарқан басында алқа-қотан бірге ас ішетін ынтымақ пен бірліктің символы.

Әлемді алаңдатқан коронавирусқа байланысты қаламызда наурыз мерекесін тойлау тоқтатылды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жариялаған үндеуінде бүкіл халықтың денсаулығы үшін маңызды қадамға барып отырғанын мәлімдеді. Төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлықта көрсетілген түрлі шектеулер, ойын-сауық, той-томалақ өткізуге тыйым салу, инфекцияның алдын алудың сақтық шаралары, қоғамдық тәртіпті сақтау секілді талаптарды мойынсұнып, бұлтартпай орындау баршамыздың міндетіміз. Сонда ғана қауіптің бетін қайтара аламыз. Президент атап өткендей, әр азамат жауапкершілікпен қарап, барынша сақтанып, өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетуі тиіс.

Халқымыз небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерген. Мемлекет басшысы азық-түлік қоры, қаржы ресурстары жеткілікті екенін мәлімдеді. Сондықтан бәріміз сабыр сақтап, дүрбелеңге бармай, тәртіпке бағынып, талаптарды мүлтіксіз орындап тұрсақ, бұл сынақты да еңсеретініміз анық.

Ендеше, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі жақсы істер мен игі бастамалардың бастауы болғай. Баршаңыз адамдық игіліктердің ең құтты да қуанышты, ырысты да тынысты жақсылықтарымен қауышыңыздар.

Нұр көктеммен қатар келген ұлық мерекеде әр шаңыраққа жақсылық, өскелең ұрпаққа амандық тілей отырып, егемендігіміз мәңгілік, еңбегіміз жемісті болсын дегіміз келеді.

Дүйсенкүл ЖАМБОЛОВА,

Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы