БЕРЕКЕ МЕН ЫРЫС МЕРЕКЕСІ

997 көрілім

Баршаңызды имандылық пен ізгіліктің шынайы үлгісі, бір-бірімізді бауырмалдық пен татулыққа үндейтін қастерлі де қасиетті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Адам баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап қартайып дүниеден өткенге дейінгі өмірі үнемі сан ғасырлық наным-сенімі, таным-түсінігі қоғамдық даму барысындағы ізденістері жинақталған салт-дәстүрлер аясында болады.

«Халқым қандай десең, салтынан сынап біл» демекші, салт-дәстүрден этностың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы көрінеді. Яғни салт-дәстүр дегеніміз-халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі. Солардың ішінде өте көнеден келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің орны ерекше. Өйткені, «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Тас атқанға – ас ат» деген секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен. Бұл күн-аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнайтын күн.

Наурыз біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың, берекеміз бен ырыс құтымыздың мерекесі. Ізгі ықыластық, ынтымақтастық бүгінде қазақ ұлтына тән бейне, бірлік пен татулықты меңзейтін мінез беріп отыр. Сол мінездің астарында көп ұлтты халықтың ортақ келісімі, ауызбіршілігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен іскерлік, ел бірлігі болып отыр. Біздің көп ұлтты өңірімізде татулық пен достықтың, ынтымақтастық пен бірліктің бұзылмас қамалы қалыптасты. Осы ымырашылдық бізге кез келген қиындықты жеңуге септігін тигізіп келеді. Олай болса, әз-Наурыз мерекесі әрбір жанұяға толағай табыстар әкеліп, халқымыз игілікке, мемлекетіміз молшылыққа, әр шаңырақ береке, бақыт пен шаттыққа кенеле берсін.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,

Түркістан облыстық ішкі істер органы мен Ұлттық Ұлан ардагерлері кеңесінің төраға орынбасары, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы