НАУРЫЗ – ЖАҢАРУ МЕРЕКЕСІ

1  021 көрілім

Ұлы Наурыз мерекесі – ежелгі заманнан қалыптасқан шығыс халқының жыл бастау мейрамы. Наурыз тіршіліктің жаңаруы. Наурыз күн мен түннің теңесуі. Наурыз – мейірмандық пен молшылықтың, махаббат пен достықтың, кешірім мен бейбітшіліктің салтанат құруы, шығыс халқында бұл мейрам ерекше сән салтанатымен аталып өтіледі.

«Самарқанның көк тасын жібіткен» Наурыз мерекесі көптеген шығыс халықтарының тағатсыздана күтетін мейрамы. Оның халық арасында «Ұлыстың ұлы күні» деп аталуы да тегін емес. Наурыз айы, туғанда ел жаңару мен жасару мерекесіне балап, ерекше шаттыққа бөленеді. Ақ тілек, ізгі ниетпен мол дастарқан жайып, бар тілегін тек жақсылыққа бағыттайды. Бұл мейрамда ренжіскендер татуласып, араздасқандар қайта табысады. «Ақ түйенің қарны жарылып, ақ мол болсын» деп ырымдаған қалың көпшілік Ұлыстың ұлы күнінде қазан асып, «Наурыз көже» жасап, мәз-мейрам болысқан. Бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, шаттық көңілмен жаңа жылды қарсы алған. Бұл күн мен түн теңелетін осы шақ әр шаңырақ үшін құт-береке мен бірліктің көрінісіндей.

Бүгінде облыс орталығы атанған түрленген Түркістан жаңаша сипатта дамуда. ҚР Үкіметі мен Түркістан облысы әкімдігінің қабылдаған бас жоспары бойынша нақты іс-шаралар әрекеті бекітіліп, тапсырмалар берілді. Өңірге инвесторлар тартылып, керемет нысандар бой көтеруде. Әрбір облыс өз үлесін қосу мақсатында бір-бір ғимараттан сыйға тартып, олардың құрылысын қарқынды жүргізуде. Жаңа шаһардың басты сәулет нысаны ұлттық нақышқа негізделіп салынбақ. Мұндай жоспарлы жұмыстар болашақта Түркістанның туризмнің қайнаған қаласына айналуына мүмкіндік береді.

Иә, сонымен есік қаққалы отырған жаңа жыл әз-Наурыз біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың, берекеміз бен ырыс құтымыздың мерекесі. Ізгі ықыластық, ынтымақтастық бүгінде қазақ ұлтына тән бейне, бірлік пен татулықты ту етіп, дәстүрлі құндылықтарымызды жаңғыртуымыз қажет. Елімізді мекендеген көп ұлтты халықтың ортақ келісімі, ауызбіршілігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен іскерлік, ел бірлігі болып қала береді.

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы