Өзбекстан Республикасымен шекаралас, халқы тығыз орналасқан аудандардың бірі саналатын Түркістан облысы, Жетісай ауданында бүгінге жұмыс қарқынды. Аудан орталығы мен ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде құрылыс жұмыстары жүргілізіп, бірқатар ғимараттар реконструкцияланып жатыр.
Аудандық сәулет және қала құрылыс бөлімі басшысы Сансызбай Сейдалиевтің мәліметінше Жетісай қаласының орталық саябағының бас жоспарын қайта жаңарту үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жоба сметалық құжаттамасына жарияланған конкурс нәтижесінде мердігер компания тиісті жұмыстарын атқаруда. Одан бөлек Жетісай қаласы орталық саябақ ішінен бассейн, қала, кент, ауылдық округтерінен стадион құрылысын салу үшін әр қайсысына 7 млн теңгеден қаржы қарастырылып, жер телімдері бөлінген.
Қаладағы С.Қожанов көшесін абаттандыру бойынша орталық алаңнан С.Ерубаев көшесіне дейінгі аралыққа эскиздік жоба дайындалып жергілікті бюджеттен 100 млн теңге қаржы қаралса, ауданға инвестиция тарту мақсатында Жетісай қаласынан, Атамекен, Қазыбек би ауылдық округтерінен индустриалды аймақ құру үшін жер телімдері қарастырылып жеке кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарының уақытын үнемдеп, облыс орталығы Түркістан қаласына жылдам әрі қауіпсіз барып-келулері үшін кіші авиация аэропортының құрылысына жер телімі белгіленіп, анықтау, зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
