Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі.
МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі.
Қазақстан үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, медициналық сақтандырудың аралас моделін енгізетін болады. Бұл: Денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, Медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін, Медициналық көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді.
Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда медициналық сақтандыру қоры аударымдарының көлемі бойынша ең қолайлы жағдай жасалған.
МӘМС жүйесін енгізген кездегі тиімділіктері келесідей, атап көрсететін болсақ, жұмыс берушілер үшін:
Еңбек өнімділігінің артуы, дені сау ұжым;
Жоғары деңгейдегі корпоративтік мәдениет;
Жұмыскерлердің ауруларына қатысты экономикалық шығындарды азайту;
Жұмыс уақытын оңтайландыру.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар қандай медициналық көмекке жүгіне алады?
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек амбулаторлық және стационарлық жағдайда тегін көрсетіледі. Оған профилактика, диагностика, аурулар мен жағдайларды емдеу, жүктілікті бақылау, медициналық манипуляциялар кіреді.
Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке арнайы әдістерді қолдануды және күрделі медициналық технологияларды қажет ететін профилактика, диагностика және емдеу шаралары кіреді.
Жедел медициналық көмек шұғыл және күттірмейтін жағдайларда медициналық ұйымдардан тыс, ал шұғыл медициналық араласуды қажет ететін жағдайларда (келеңсіз жағдайлар, жарақаттар, улану, күрделі науқастардың кенеттен асқынуы) амбулаторлық немесе стационарлық жағдайда көрсетіледі.
Жоспарлы медициналық көмек стационарлық жағдайда пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін аурулар кезінде көрсетіледі.
Дәрілік қамтамасыз ету – амбулаторлық-емханалық көмек көрсету кезінде; Мейірбикелік күтім – ауру салдарынан өз-өзіне қызмет ете алмайтын, бөгде адамның әрдайым күтіміне немесе қарауына мұқтаж тұлғаларға; Паллиативтік көмек – жазылмайтын, өміріне қауіп төндіретін, ауру барысы ауыр науқасқа шалдыққан пациенттің өмір сапасын барынша жақсартуға бағытталған.
Хорлан СЫЗДЫҚОВА,
облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығының дәрігер эпидемиологы.
