Қалалық мəдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақ əдебиетінің нар тұлғасы, қара өлеңнің патшасы, ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай “Мұқағали қазынасы” атты думанды-саз кеші өтті.
Іс-шарада шаһарымыздағы әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева, мәдениет үйінің директоры Лиза Шәмет және «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мұсахан Дүйсекеев лебізді сөзін айтып, рухты жанның өмір жолына деген тағзымын білдірді. Жиында əртістер Мұқағали шығармашылығындағы сырлы əндерді орындап, сахналық қойылымдар ұсынды.
– Ақын шығармашылығын жан-жақты зерделеп оқыған жандар, оның өте терең ойлайтынын байқауға болады. Оның әрбір сөзі адамға шынайы шабыт, ерекше сезім сыйлайды. Сондықтан, кейінгі ұрпақтар, жастар Мұқағали еңбектерін, өлеңдерін оқып, рухани нәр алуы керек, – деді М.Дүйсекеев.
Кешке ардагерлер және аналар кеңесімен қатар жастар қатысып, жырсыз өткен күндерін өлі күнге теңеген ақын шығармашылығымен етене танысып, сырлы кештің куәгерлері болды.
Елбасымыз Н.Ə.Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласының «Ұлы даланың Ұлы есімдері» тарауы бойынша Мұқағали шығармасы қазақ руханиятының тозбайтын, мұқалмайтын алтын қазынасының айбынды бөлігін құрайды.
“Бүгін менің туған күнім, ой пəлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!, – деп күллі қазақ жұртына деген өкпе-назын өлеңмен жеткізген азаматтың дүние есігін ашқан күні – бүгінде республика бойынша жан-жақты тойлануда. Артынан қалдырған өшпес із -оның шығармашылығының адам жанына сырлы сезіммен, ерекше рухпен бойлайтынын көрсетеді.


