Қаламыздағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектепте ақын, Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаровпен 75 жасқа толуына орай кездесу өтті. Басқосуға мектеп директоры Гүлназ Шерімқұлова мен Нәзір Төреқұлов атындағы музейдің меңгерушісі Бақытжан Жорабеков қатысып, сырлы кештің куәгерлері болды.
-Біздің мектеп үшін, жалпы Түркістан халқы, қазақ жұрты үшін орны ерекше азамат ретінде танимыз. Бүгінде «Өлкетану» пәні мектептерде енгізілгелі, тайқазанның тарихына келгенде біз сіздің атыңызды айтып, ерекше мақтан тұтамыз. Өйткені, 1935 жылы Эрмитажға кеткен тайқазанды 1989 жылы елге қайтару барысында Кремльге Түркістан еңбекшілерінің атынан хат жазып, сол кезде музейдің директоры ретінде тікелей атсалысып, елге тайқазанды қайтаруда үлкен еңбек сіңіргеніңіз бәрімізге белгілі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жатқан бүкіл ұлы тұлғалар, хандар, батырлар, сұлтандар, билерді зерделеп, зерттеп, тарихта серпіліс жасап, негізін қалаған тұлға деп білеміз. Бүгін өзіңіз білім алған және қызмет атқарған киелі қарашаңыраққа келгеніңізге қуанып отырмыз. Елге қажыр-қайратыңыздың арқасында абырой биігінен көрініп, ұрпақтарыңызға үлгі болар абзал жан ретінде құрмет тұтамыз, – деді Г.Шерімқұлова.
Мектеп білімгерлері ақын шығармашылығынан өлеңдер оқып, күй ойнап, ән салды. Сонымен қатар, 8 «б» сыныбының оқушысы Ұлжалғас Тастанбек «Нұрмахан ақынға» атты жүрекжарды арнауын білдіріп, мектеп үшін алар орны ерекше екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде ақын білім ордасының өнерпаз оқушыларына өз алғысын білдіріп, білім мен өнерді қатар алып жүруді, алда болуға ұмтылуға шақырды.