“АЛДАСПАН” ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

1  496 көрілім

«Алдаспан» атты ғұмырнамалық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. «Автор. Кейіпкер. Оқырман!» атты әдеби кешке қала әкімі Әліпбек Өсербаев, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, ақын Зейнулла Еркебалаев бастаған зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Авторы – журналист Гүлжаз Қарыбек, кейіпкері – «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Рахым Тәңірбергенов, оқырман – түркістандық зиялы қауым өкілдері.

Оқырманға 1000 дана таралыммен жол тартқан жаңа кітаптың мән-мағынасы – өмір сабақтары, тынымсыз еңбек пен отбасылық тәрбиелік маңызға ие екендігін айтқан қала басшысы Әліпбек Шәріпбекұлы кейіпкердің болат құрыштай шыңдалған нағыз еңбек адамы екенін атап өтті. Келесі кезекте облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Құлбайымбетов құттықтауын жеткізіп, ел ағалары жаңа кітаптың тұсауын кесті.

Шара барысында «Өнер» мектебінің директоры, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев домбырамен арнау орындаса, ұжымның өнерлі азаматтары да қазақы нақыштағы әндерден сусындатты. Рахым Көлбайұлының немересі Әлихан Рахым ұстазы Жағыппар Серікбайұлымен бірге «Келіншек» халық күйін орындап зор қошеметке бөленді.

Өмірбаяндық эссе авторының айтуынша 8 ай ішінде жазылып, жарық көрген туынды оқырмандардың көңілінен шығады деген үмітте. Алматы қаласындағы «Полиграфкомбинат» баспаханасынан басылып шыққан кітапты сұраныс артса қосымша шығармақ ниетте. Республикалық «Сара сөз» журналының бас директор-редакторы Гүлжаз Қарыбек журналистика саласында өткізген он бес жылдық еңбегімнің есебін халқыма осы туындым арқылы бергендей болдым деген қуанышын жеткізді.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы