Биыл ақын, жазушы Нұрмахан Назаров 75 жасқа келіп отыр. Болмысы биік, танымды қаламгер туралы көкейімде жүрген ойларымды ортаға бір салудың орайы келді.
Нұрмахан Сейсенұлы талабы өте жоғары, жазғанының әр сөзінен өр мінезі көрініп тұрады. Қазақ халқымыз «Ер мінезді келеді», «Мінезді адам мықты болады» дейді. Сондықтан Түркістанда Нұрмахан Назаровтай перзенттің болғанына қуанып, ақын аға туралы ықыласымды білдіргенді жөн көрдім.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген облыстық «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» байқауында облыс орталығы – Шымкент қаласында облыстық әзіл-сықақ театрында ардагерлер арасында жазба ақындық сайысына Түркістаннан ақын Нұрмахан Назаров қатысып, «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» өлеңімен бүкіл облыс жұртшылығын тік тұрғызғаны менің әлі есімде.
Әділ-қазылар алқасы құрамында болған жазушы Мархабат Байғұт, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, ардагер, қаламгер Байдулла Қонысбек, ақын Бақытжан Алдияров Нұрмахан ағаның өзі оқыған өлеңіне ерекше көңіл боліп, қабылдады. Мен сол кезде қызметтік сапармен өнерлі ардагерлерге жетекшілік жасап барған едім. Байқау жазба ақындар мен айтыскерлер арасында болды. Жазба ақындық номинациясы бойынша Нұрмахан Назаров бас жүлде, айтыс номинациясы бойынша Қуатбек Тұрыскелдиев үшінші орын жүлдесін иеленіп, Түркістанға қуанышпен қайтқан едік.
Сонда Нұрмахан аға серпіліп: -Бәрекелді, кәне жол қысқарсын, деп әнгіме айтып, «әу» деп ауыз ашқаннан –ақ ағыл-тегіл текті сөзге бұрып әкетті. Аңқылдаған ақпейіл көңілдің тереңіне сүңгігендей әсерде болдым. «Мәдениеттен сені жібергені дұрыс болған екен, біздің қасымызда болып ізеттілік танытып жатырсың» деп қояды. Әңгіме айтқан сайын тауға шыққандай иығым биіктеп, көңілім көркейіп марқайдым.
«Дүниеде сызат пайда болса, ол міндетті түрде ақынның жүрегі арқылы өтеді» деген қанатты сөз бар. Нұрмахан Сейсенұлының кітаптарын оқып отырып, Түркістанды болмысымен, жан жүрегімен қабылдайтыны, ұлт намысы дегенде жанын салатыны көрініп тұр. Тарихи шығармаларында әсіресе Түркістанға Тайқазанның қайта келуіне, «Әзірет – Сұлтан» кесенесіне орналасуына үлкен еңбекпен тер төккен. Жазушының тарихи шығармасын оқыған сайын сәулеленемін. Өзімнің жұмысымда сценарийлер жазуда өлеңдері мен тарихи жазбаларынан керекті материалды пайдаланып отырамын.
Мазмұны терең кітаптар жазып, санамызға самаладай ой салып, сөз төркінін Түркістанды ұлықтауға жұмсаған ақын, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрмахан Назаровтың бүгінгі шыққан биігі – ұлттық болмыс. Түркістан мерейі мен Нұрмахан Назаров мерейі – егіз. Бірінен – бірін ажырата алмайсыз. Лайым солай бола бергей! «Туған жер, өскен Түркістан» деп жырлаған ақын, жазушы Нұрмахан Назаровтың 75 жылдығы құтты болсын!
Сәуле ШОМПИЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері.