ДЕПУТАТТЫҢ ДЕМЕУІМЕН ӨТКЕН ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР

1  271 көрілім

Қаламыздағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай облыстық мәслихаттың депутаты, «Иассы» консорциумының төрағасы, спорт жанашыры Үмбет Жүсіпбаевтың бастамасы және демеушілігімен үстел теннисінен дәстүрлі Халықаралық турнир өз деңгейінде өтті.

Қазақстанның барлық облыстары мен көрші Өзбекстан Республикасынан келген 7 жастан 70 жас аралығындағы спортшылар бас жүлде үшін таласты. Жалпы саны 350-ден астам спортшылар қатысқан біріншіліктің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау мен жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулу болып табылады.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары А.Темірбаев, еңбек ардагері М.Ханділлаевтар турнирдің жыл өткен сайын деңгейі жоғарылап, қатысып отырған теннисшілер саны да өсіп отырғанын жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, жастарымыз білімді, ақылды және дені сау болуы керек. Бүгінгі турнирге түрлі жастағы спортшылар қатысып отыр. Соның ішінде жас толқын аға буын өкілдерінен үлгі алғаны дұрыс. Жарыс қатысушылары Түркістанның көркін тамашалап, саяхат жасады. Мұндай игі бастама келесі жылы да жалғасын табады,-дейді турнирдің бас демеушісі Үмбет Әбілдаұлы.

Сонымен 3 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз де жеңіс тұғырынан көрініп, абыройлары асқақтады. Атап айтсақ, жасөспірімдер арасында Қарақат Бегайдар, Ұлдана Байболат (жаттықтырушысы О.Божбанбаев), ардагерлер арасында Нартай Төлбасиевтер жарыс жеңімпазы атанды. Дәстүрлі дода жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы грамоталар, медальдар мен сыйлықтар табысталды.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы