Нұрмахан Назаров – 75 жаста ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

2  023 көрілім

Нұрмахан Назаров 1944 жылы қаңтардың 9-ында Түркістан темір жол станциясының №33 разъезінде дүниеге келген. Сол кездегі Ленин атындағы орта мектепті (1960 жылы), Қызылорда Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген.

Еңбек жолын оқытушы, мектеп директоры, мәдениет үйінің директоры, мәдениет бөлімінің, қалалық атқару комитетінің, қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» музейінің, Саттар Ерубаев музейінің, Нәзір Төреқұлов музейінің директоры қызметтерін атқарды. Бүгінде «Түркістан нұры» журналын, «Әзіреті Түркістан» газетін ұйымдастырушы.

Нұрмахан Назаровтың Түркістанның көне замандардан бүгінге дейін тарихын көп жылдар бойы зерттеп, жинақтап, жарыққа шығарған «Түркістаным тағдырым», «Шежірелі Түркістан» атты кітаптары жарық көрген. «Түркістанға тағзым ет» кітабында ақынның түркістаншылдығы түркішілдікпен ұштасып жатыр. Бұл кітап бір Түркістанға ғана емес, бүткіл түркі халықтарына арнап, туысқандық сезіммен өрілген шығармалар жинағы десе болады.

Нұрмахан ағамыз жергілікті «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің жанашыры, ҚР Мәдениет қайраткері, Журналистер Одағының мүшесі, түркістантанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Нұрмахан ағамызды 75 жылдық мерейлі мерекесімен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, отбасына амандық пен береке тілейміз.

Ізгі ниетпен:

«Түркістан», «Туркистон» газеттерінің ұжымы.

ТУҒАН ЖЕРГЕ АДАЛДЫҚ

(Нұрмахан Назаровқа)

Кiм сүймейдi дейсiң ата-мекенiн,

Ал еңбегiн сiңiрдi оған жете кiм.

Құр “сүйеммен” жүре берiп бiлмеппiз,

Туған жерге не берсең де аз екенiн.

Түркiстанда… (қайтеміз құр ақталып),

Туылдық деп жүріппіз құр мақтанып.

Оның бәрiн Сiзден бiлдiк Нұреке,

Iсiңiзбен, жырыңызбен боп таныс.

Батырлар көп елі үшiн күрескен,

Бiрi жетсе, жатыр шығып бiрi естен.

Телқожаны табыстырдыңыз елге,

Топырағын әкеліп Үргенiштен.

Көрсетпесең шұқып, көрер қазiр кiм,

 (Заман солай, емес бұл сөз әзілім).

Түркiстаннан ашып тұңғыш музейін,

Табыстырдың ел-жұртыңа Нәзiрiн.

Саттар менен Сұлтанбектей ұлдардың,

Аштыңыз да, зерттеп жаңа қырларын.

Сiзге ұқсап осынша iстiң қасында,

Кiм бар екен жүрген жазып жырларын.

Тайқазанды Эрмитаждан суырып,

Қайтартқан да Сіз екені туырлық.

Лукьяновқа жазған хатыңыз шештi,

Тұрған iстi теріс қарай бұрылып.

Қалатындай сол бiр тiрлiк жасалмай,

Жетпiсте де ақ қағаздан бас алмай.

Шежiресiн Түркiстанның жидыңыз,

Жұрт жүргенде бабасынан аса алмай.

Жатқан қазiр төбесiнде көк өсiп,

Шойтөбе де емес қой құр төбешiк.

Туған жерге адал еткен сол ма екен,

Қойнауынан тарихтың лебi есiп.

Бар әйтеуiр белгiсiз бiр байланыс,

Неге керек арман қылып Айды алыс.

Түркiстанның топырағын киелi,

Сiзше сүйсек келер бақыт айналып.

Әбдіғаппар ЖАҚЫПОВ,

ақын.

ТҮРКІСТАН ЖЫЛЫ

Ай-күнді аптасымен санап жетік,

Жыл сайын артар қуат, сана бекіп.

Біртүрлі қимастықпен, сыйластықпен

2018-де барады өтіп.

Қыдыр жыл, сені қайтып ап қаламыз,

Түркістан жылы ғой,- деп мақтанамыз.

Қалғыған ұлттық намыс, рухты оятып,

Ғаламдық кеңістікке аттанамыз!

Егемен ел болдық та дер кезінде,

Бақ қонып, құт дарыған өлкемізге.

Ежелгі мәртебесін, Елбасымыз

Қайтарды 2018-де.

Күн, Ай мен Жұлдыз куә аспандағы,

Шаhарда шаттық сүйіп асқан бағы.

Түркілік рухани жаңғырудың,

2018-де басталғаны.

Біз жақта жыл мейрамы бүгін нағыз,

Тарихты тереңірек ұғынамыз.

Астана – Алтын Орда, асқақ қала,

Түркістан – рухани құбыламыз.

2018-ге өкпеміз жоқ,

Тер төктік, абыройды төккеміз жоқ.

Ынтымақ туын таптық өзімізден,

Бірлікті көрген жоқпыз көктен іздеп.

Жақсылық жаңалықтар қанша мұнда,

Түркі әлем гүлденудің қарсаңында.

Қош бол сен, Киелі жыл!

Мен қаламын 2019-ды қарсы алуға.

Нұрмахан НАЗАРОВ,

ақын, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы