Қаламыздағы мәдениет үйінде сан саланың қыр-сырын меңгеруге талпынған жалынды жастарды анықтап, марапаттау мақсатында «Жыл үздігі – 2018» атты салтанатты кеш өтті.
Облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының жастар бөлімінің басшысы Алмас Әбдікәрім өз құттықтау сөзінде: – Расында да, 2018 жыл баршамыз үшін тарихи шешім орын алған жыл болып саналады. Елбасы Жарлығымен облыс орталығы Түркістан қаласына ауыстырылды. Сонымен қатар, 2019 жыл – жастар жылы. Бұл деген – жастарға деген сенімнің молдығы. Осы орайда, 2018 жылдың үздіктерін марапаттау – сіздердің жұмыстарыңыздың қорытындысы деп білемін. Ендеше, биік шыңдарды бағындыра беріңіздер. Келе жатқан жаңа жыл мерекесі құтты болсын!, – деген лебізін білдірді.
Байқау бойынша 25-тен аса жас дарындар өз еңбектерін ұсынып, өтініш білдірген. Нәтижесінде 14 аталым бойынша үздіктер іріктеліп, ҚР Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай жастар сыйлығын иемденді. Атап айтсақ: үздік жас журналист, мұғалім, ақын, дәрігер, мәдениет қызметкері, спортшы, кәсіпкер, пікірсайысшы, колледж, жыл студенті, жастар жанашыры, жас ерікті сынды бірқатар аталымдар, салтанатты жиында өз иесін тапты.
– Жылды қорытындылау мақсатында жыл соңында «Жастар ресурстық орталығы» жыл үздігін марапаттайды. Шараның басты мақсаты – қаламыздың түрлі саласындағы шығармашыл, дарынды, жан-жақты жас өрендерді қала әкімінің арнайы алғыс хатымен және естелік белгі ретіндегі сыйлықтармен марапаттау. Өздеріңізге белгілі, келер жылды Елбасымыз жастар жылы деп жариялады. Бұл қадам облыс орталығындағы жастардың саналы, тәрбиелі, озық жастарды қалыптастыруға үлкен қадам деп білемін, – деді жастар ресурстық орталығының инспекторы Ерұлан Тұңғышбаев.
Осы ретте, рухани шаһарымыздың тарихы терең басылымының тілшісі, ойы жүйрік, қаламы қарымды қызметкеріміз Нұртас Мұхтарұлын «Үздік жас журналист» номинациясын иеленуімен шын жүректен құттықтаймыз! Сен жетер биіктер мен алар асулар әлі алда! Еңбегің еленіп, абыройың арта берсін. Біз сенімен мақтанамыз!
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».


