КАШПИРОВСКИЙДІҢ ЕМІ

1  195 көрілім

Батпанкүл жеңгеміз Миташ ағамыздың ішімдік қойғанына мал сойып құран оқытты. Жамағайындығымыз бар емес пе, бардық. Әсілінде Құдайдың құтты күні ақаңнан ауызы құрғамайтын ағамыз тентек сумен мүлдем қоштасарда Миташтың көзінен жас еріксіз шығып кетіпті-міс. Бұрынғы күй жоқ. Олпы-солпы, ашық-шашық жүретін бұрынғы Миташымыздың жүрісі паң. Картоп салған қаптай немесе үрген местей болып тұратын шалбарының тізесіне қыр түскен. Жағасы жайлау іздеп кететін жейдесінің түймесі түгелденіп қалыпты. Қысқасы, Миташтың өмірі күрт өзгерген. Оған бәріміз қуандық. Түбі жоқ шелектей самбырлаған жеңгеміз де алдымыздан шықты.

– Оңбаған алқаш! Кешірерсіздер, Сіздерге емес. Мына жалтырбас Миташқа айтқаным ғой. Бұл неме маған не көрсетпеді. Ақаңды әкесінен қалған саулықтай сорды ғой. Мұрны қызарып, беті көгеріп, көзі өлген қойдың көзіндей болып ертеңіне мөлиіп есік қағып тұрғаны.

Албастының ата-бабасы разы болсын деп сонау Мәскеудегі Кашпировскийге апардым ғой. Көпті емдеген дәрігер емес пе? Өзін тері илегендей ары аунатты, бері аунатты, жынын қаққан бақсыдай әрі-бері сілкіледі-ау. Бір кезде қаққан қазықтай тұрғызып, қас маңдайынан бір-ақ ұрды. Былқ-сылқ еткен күйі аяғы аспаннан бір-ақ келді. Құдай қосқан қосағым емес пе, аяп кеттім. Жаман-жақсы жиырма жыл отасқанымыз және бар дегендей. Жалма-жан сол жердегі бөтелкеде мөлдіреп тұрған суды басына құя салдым. Бұл албастың орнынан атып тұрды. «Мына бір сасық жуындыңды неге құйдың» деп самайынан аққан суды түкіріп жатыр. Мына жақта Кашпировскийің қара базардан алған таза спиртімді қор қылдың деп ұрсып жүр. Ыдыстағының спирт екенін қайдан білейін. Аң-таңмын. Спирт түгілі уксус ішіп жүрген Миташтың қылығына қайранмын. Кейіннен төгілген бір бөтелке үшін он бөтелкесін әперіп Кашпировскийден де құтылдық. Міне содан бері мына ағаларың арақты ауызына алмайтын болды, -деп сөзін әрең аяқтады.

Сол күні жиналғандар Миташты көп мақтады. Мына ісің үлкен ерлікпен тең деді. Біреуі нағыз азаматтық десе, енді біреуі еркектік деп тарасты. Ақылдылық дегендер де аз болмады. Арада бір-екі айдың жүзі өтті. Бір күні үйге келсем Батпанкүл жеңгем отыр. Сөз жоқ жерде сөз тізетін бұрынғы қалпы жоқ. Түріне қарап Миташ ағам тағы да ішіп кеткен екен ғой деп ойладым. Жеңгем әңгімені әріден, беріден ырғамай тура бастады.

– Қайным Кашпировскийдің емі ем-ақ екен. Біздің Миташ арақ тұрған жерде отырмайтын болды. Екеуміз баратын тойларға жалғыз баратын болдым. Бұрын сүйретіліп үйге кешкі онсыз келмейтін неме сағаттың тілі алтыдан асар-аспас жетіп келетінді шығарды. Алғашқыда ішкендігі үшін жұмыстан шығарып жіберген екен деген де ой келді. Тура бастығының үйіне қоңырау шалдым. Миташтың қазір ішімдікті ішпейтінін айтып жұмыста қалдырыңыз деп жалындым. Сөйтсем бұл қасқаң бұрынғыдай «хәләуләйлімге» салмай жұмыстан шығысымен үйге тартады екен ғой…

Тамақты таңдап ішетінді шығарды. Мынауың суып қалған, мынауыңның дәмі жоқ деуге көшті. Кір-пірін жуу үшін де бөлек сабын алатынды шығардым. Өмірімде үтік ұстамаған қолым оны да көтерді. Тап-тұйнақтай тірліктері қанымның қысымын көтеріп жіберді. Дәрігерге бардым. Ол шіркінің де қандай жақсы әңгіме айтады дейсің. Анда-санда біреулермен ұрысып тұрыңыз деген кеңес берді. Күнде кіммен ұрыса бересің. Жөнсіз қайтіп тиісесің. Баяғы күн болса ағаларыңның түннің бір уағына дейін жер-жебіне жетер едім. Ішпеген байдың қылығы жаман екен. Жұрттың қатындарындай көзіңе сүрме сал, бетіңді боя дейді. Бірде төркінімнен киіп келген мына бір көйлегімді таста дегені. Қайтіп тастаймын, оңса да, қырық жыл өтсе де шешемнің көзі емес пе? «Мода-сода» деген сөздерді айтып басымды қатырды. Ал бір күні түннің ортасында тұрып алып кітап оқы демесі бар ма? Мұнысына қайтіп шыдарсың. Мазақтап тұр. Оны қойшы. Көшенің арғы бетінен бөтен еркек көз салса қызғанатынды шығарды емес пе? Мұндай қылығына күйіп кеткенімде бұрынғы аузынан жыны ағып жатқаны дұрыс еді ғой деп те ойладым.

Ұмытпасам 8-наурыз ғой деймін. Әйтеуір қатын-қалаштардың мерекесі екенін білемін. Қамыр жайып жатқанмын. Қоңырауы құрғыр шыр ете қалды. Байғұсты соншама зар илетіп тұрған кім десем – мына ағаларың. Күндегі «апанына» қос аяқпен теуіп кіретін біреудің үйіне келгендей қоңырау басып тұр. Жыным келді. Оның үстіне қолында бес-алты тал шөп. То есть, гүлі бар. Ондайды ұмытқанымызға қай заман. Жыным одан сайын қозды. Тыныш тұрмай мерекеңмен деп сөйледі. Сойған түлкідей оны жымиып тұрып айтты ғой. Онысы мені мазақтағандай, маған күлгендей болып көрінді. Қарап тұрмай бір кезде «жаным» дегені. Мынауың бүгін сылқиып ішкен ғой дедім. Бір бәлені шегіп немесе егіп алған деген ойға да қалдым. Тіпті ақылынан ауысқан екен дедім. Менде одан әрі шыдау қайда. Қамыр илеп жүрген оқтаумен қос маңдайынан бір-ақ ұрдым. Кашпировскийдің ұрғаны түк емес екен. Есін он шелек су құйып жидыра алмадым. Байғұс өзіне ауруханада жатып бір-ақ келді. Ал тілі бір айдан соң барып шықты. Осыдан шықсын Мәскеуге апарып бұрынғы қалпына келтіремін,-деп сөзін зорға тауысты.

Жеңгем әңгімесін салмақпен айтып жатыр. Шын мәнінде не өзіне, не күйеуіне, бар өміріне күйініп отыр. Сөзіне ақыл қоспақ түгілі ләм деп сөз айта алмадым. Қайран, өмір десеңізші! Күн ысыса – ыстық, суыса – суық дейтін пендеміз ғой. Осы біз шіркінге не жаққан.

Оразбек ӘМІРЕЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы