АЙТЫСТЫҢ АҚБАРЫСЫ

1  189 көрілім

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының мәжіліс залында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасына енген өлкеміздің талантты ұлы, айтыс өнерінің дарабозы, сонымен қатар, Отырар ауданы мен Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, елімізге аты белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековпен кездесу кеші өтті.

Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы және Түркістан қалалық кітапханаларымен бірлесіп ұйымдастырылған кешке қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, әнші, композитор С.Елеуов, әнші-сазгер Ә.Өміров, Өнер мектебінің директоры Т.Тілеулиев арнайы келіп, ақиық ақынға құттықтау білдіріп, әндерін арнады.

– Бекарыс Шойбековтың еліміздің мәдениетіне, оның ішінде айтыс өнеріне сіңірген еңбегі өте мол. Бүгінгі шара сол кісінің өнерін жастарға насихаттап, үлгі ретінде көрсетіп, тәрбиелік мәні бар сындарлы сөздерімен бөліссе және көрермендер ойларына түйсе деген ниетте өтті, – деді мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Қ.Тубекова.

Шара барысында «Айтыстың Ақбарысы» атты кітап көрмесі жасақталып, кейіпкерге арналған бейнебаян көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, мәдениет үйі мен өнер мектебінің өнерпаздары ән шырқап, күй тартып, әсерлі кеш сыйлады.

Ақынмен сұрақ-жауап сәтінде жас көрермендер көкейдегі сұрақтарын қойып, айтыс өнері жайлы, жарыстағы қарсыластары мен ұлттық өнерге қадам басуы хақында кеңінен жауап алды.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы