АЛДАСПАН АҚЫН

1  409 көрілім

Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласының “Туған жер” бағдарламасы негiзiнде белгiлi айтыскер, ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың 80 жылдығына орай “Жүрегi тұнған жыр” атты еске алу кешi болып өттi.

Қаламыздағы түркiтiлдес халықтар кiтапханасының ұйымдастыруымен Түркiстан гуманитарлық-техникалық колледжiнде өткен кешке аталмыш колледждiң студенттерi мен оқытушылары, ақынның көзi тiрiсiнде сыйлас болған зиялы қауым өкiлдерi мен жырсүйер қауым қатысты.

Түркiстан қаласының “Құрметтi азаматы”, ақын Зейнолла Еркебалаев қайсар, өр мiнездi ақын туралы өнегелi естелiктер айтып, “Алдаспан ақын” атты арнау өлеңiн оқыса, ҚР Мәдениет қайраткерi, танымал сазгер Сауранбек Елеуов ер Қанекеңнiң өмiрден ерте өткен қазақтың тұлғаларына арнап жазған “Жанып бара жатырмын” атты өлеңiн әуелете шырқағанда тебiренбеген жан болмады.

“Түркiстан” газетi редакторының орынбасары Ләззат Қаныбекқызы әкесiнiң ерекше қасиеттерi туралы әңгiме өрбiтсе, қала әкiмiнiң баспасөз хатшысы Мадина Байғұт артында қалдырған өлмес туындыларымен қазақ поэзиясының биiкке көтерiлуiне мол үлес қосқан Қаныбек Сарыбаев туралы келелi естелiк айтты.

Қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң басшысы Ж.Ибрагимов, түркiтiлдес халықтардың кiтапханасының директоры Мария Құрышбаева кештi толымды әңгiмелермен қорытындылап, ақынның қызы Ләззат Сарыбаеваға сый-сияпат тапсырды.

“Өлдi деуге бола ма айтыңдаршы, артында өлмейтұғын iз қалдырған” деп ұлы Абай айтқандай, бұл фәни дүниеден өзi кетсе де талантты, дарынды ақынның өлең-жырлары халқымен бiрге мәңгi жасайды. Рухани кештен рухани байлыққа кенелiп қайтқан жандар осындай ойда болғаны сөзсiз.

“Түркiстан-ақпарат”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы