АҚЫН, САЗГЕР ГҮЛНӘР ШӘМШИЕВА – 60 ЖАСТА

1  542 көрілім

Ақын әрі сазгер Гүлнәр Шәмшиеваның мерейлі мерекесіне орай, қаламыздағы мәдениет үйінде ақынмен кездесу кеші өтті. Жиынға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Ибрагимов, ақын, сазгер, Қазақстандағы Әлем Халықтары Жазушылар Одағының президенті, Бельгиядағы Халықаралық Жазушылар Қоғамының Богдани Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, БҰҰ Бейбітшілік миссиясының Елшісі Қ.Парман, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы әрі құрбысы Г.Ақүрпекова бастаған бірқатар қонақтар ақ тілегін жаудырып, сый-сыяпаттарын ұсынды. Сонымен қатар, ақынның туыстары, достары, сыныптастары да жиынға келіп, құттықтауларын білдірді. Кеш барысында шаһар басшысы Ә.Өсербаевтың жолдаған лебізі де табысталды.

12 жастан бастап өлең жазған қылқалам иесіне ақындық жол анасы арқылы дарыған. Бүгінде Н.Нүсіпжанов, М.Жүнісова, Ж.Айжанова, А.Керімбекова сынды танымал әншілер репертуарына қосып, әндерін шырқауда. Қазіргі уақытта ақынның «Жәннаттың төріндей болып», «Нұр», «Алтын ғасыр бесігі», «Тауды аңсай береді қанаттарым», «Сағыныш сазы», «Махаббат саздары» атты бірнеше туындылары жарық көрген.

Қалалық мәдениет үйінің әншілері де ақынның қоржынындағы бірнеше әндерін шырқап және поэзиядан үзінді оқыса, №19 мектеп оқушылары «Балалық шаққа саяхат» атты көрініс құрды. Әдебиет әлеміне бала кезден терең бойлаған, ақындық өнерді жанына азық еткен дара ақынның туған жердегі мерейлі мерекесі келген көрермендерге де әсерлі кеш сыйлады.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы