- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Сөз – Тәңірлік тылсым бір жаратылым,
Құдіретін тануға жетпей жүр әлі ақылым.
Ол үшін Ұған* Рух қажет көркем бір –
Төбесінде еркін қалықтайтын
Оңтүстік пен Солтүстік,
Шығыс пен Батыстай төртемнің…
Сөз – мәңгіліктің қайнар көзі, Ұжмақтық төрт ағыс…
Рухым шөліркегенде, Тәңірім,
Сол киелі тұмадан таңдайыма нәр тамыз.
Сөз – құдай құпиясын көкейіне сақтаған қарт Абыз,
Онымен сырласу үшін алдымен тазаруымыз керек баршамыз…
Сөз – жарқ-жұрқ еткен шар жасын,
Жай ғана шар жасын емес, ол –
Құдайдың қаһарланғанда керетін сары жалынды саржасы.
Ал, мейірленген шағында сөз де – мейірімді күн сынды,
Нұрымен сүртер жылағандардың көз жасын.
Сөз – найзағаймен қайралған ақинақ,
Аппақ жарқылы байлап тастайтын көзіңді.
Мұндай бұла күш тек ұстай алатындарға ғана бұйырар,
Ал, ұстай алмасаң опат қылады өзіңді.
Әр Сөздің ішінде қуат бар бір ұлы.
Бойыңа күш бітіреді сімірсең зәм-зәм шырынын.
Сөз де жаны бар тірі ұғым.
Кемсеңдеп жылауы да мүмкін оның немесе жадырап күлуі.
Мен – әр сөздің сеземін тамырының бүлкілін…
Мен үшін әрбір сөз – бабалық ілкі ұғым.
«Біреуіңді болса да тірілтемін» – деп күбірлеп,
Өлген сөздердің рухымен тілдесемін күн-түні…
ҚАРАШЫҒЫНДАҒЫ АҚ СӘЛЕМ
Бір-бір сиқырлы әлем сендегі әр арман.
Әдемі әдетіме айналды әсем күлкіңнен ән аулау!..
Өзің де көбелектей ғана қызсың ғой,
Содан ба,
Көркем күлкіңнің бояулары да әр алуан.
Күліп тұрып жылай салатының да бір сиқыр.
Сиқырыңа сенген түр ғой бұл сиқым…
Күндей қуатпен күйдіріп барады жүректі,
Көздеріңдегі бір сүйкім!..
Еркелегенің де ертегі,
Бала қылықтардың құсын ұшыра!
Сен еркелесең өзімнің есейіп
кеткендігімнен қысылам.
Сен жайлы өлең жаза қалсам,
Періштелер қонақтайды қаламымның ұшына..
Сен пері қызындайсың,
Суреттелген пері тіліндегі өлеңде,
Оқылмаған әлі елге…
Тозақтанған тірліктен шошынғанда, еніп кеткім келеді,
Қарашығыңдағы ұжмақтай әлемге…
Еламан ТӨЛЕУТАЙ.