МЕНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МЕКТЕБІМ

1  224 көрілім

Менің шығармашылығымның бастау алған көзі қазіргі «Түркістан» газеті екендігін сүйікті газетіміздің 90 жылдығында мақтаныш сезіммен еске аламын. Сол кездегі Ленин атындағы мектептің 6-сыныбында оқып жүргенде «Қызыл Түркістан» газетімен танысып, қысқа-қысқа хабарлар, ұсыныстарым жариялана бастаған. Газет 1 парақ (екі бет). Кейін «Коммунистік Еңбек» болып атауы өзгерді.

Мен тұрған үй мен мектептің жолында газеттің редакциясы болатын. Жүре келе жолай редакцияға соғып, мақалалар беріп, ондағы кісілермен таныс болып алдым. Кейде, олар менен баспаханаға (жолымдағы ғой) кезекті нөмерге даяр материалдар беріп жіберетін сенімге ие болдым. Баспахананың бастығы Серікбаева апай менен редакцияға сәлемдемесін беріп жібереді.

Сегізінші сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шығар алдында, Серікбаева апаймен көше бойында қарсы кездесіп қалдық та, ол кісі – Әй, Назаров демалыста қолың бос шығар да, бізге кел, печатник Абдуллаға көмекші боласың. Қыркүйекке дейін киім-кешегіңді өзің алатын боласың дегеніне қуанып кеттім.

Менің негізгі жұмысым Әбекеңе газетке лайықтап қиылған әр парақты қолма-қол беріп тұрамын. Ол кісі әр парақты станокқа жеке-жеке салып тұрады. Бір уақытта «тоқта» деп станокты да, мені де тоқтатып қояды да дайын болған газетті тексереді осылай қайталана береді. Әріп терушілер тергендерін бірден әкелмейді, күтіп тұрамыз.

Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Түнгі сағат 2-3 ке дейін боламыз. Оның үстіне, материалдар түгел теріліп болған кезде, редакциядан тапсырма келеді. (Редакцияға райкомнан тапсырма келеді ғой).

– ҚАЗТАГ-тан түскен материал, осы нөмерге салу керек. Мұндай жағдайда, таңғы сағат 5-6-ларда қайтатын едік. Шіркін, сол кездегі адамдар-ай! Неткен, еңбекшіл, шетінен жастарға бауырмал бір-біріне көмектескіш еді. Бір оқиға жиі-жиі есіме түседі.

Бірде, түнде Әбекең – ана цехқа барып, тергендері дайынын алып кел,-деді. Леген сияқты ыдыстағы терілген материалдарды алып келе жатып, табалдырыққа сүрініп қалғанымда әлгі қорғасын еденге тарыдай шашылып қалғаны. Ұйқым ашылғандай зәрем де қалмады, ұятым да төбеме шықты-ау. Сенесіздер ме, бір адам маған ренжіп ештеңе демеді. Аяған да шығар. Мүмкін бұған кінәлі, тек мен ғана емес екендігінен бе?

Жарықтық, Әбекең ешкімге ешқашан көңіліне тиетін сөз айтпайтын кісі. Сондағы айтқаны – Әй, Нұрмақан, ұйқысырап отырған екенсің ғой. Түнгі сағат сол 2-3 шамасы болса керек отырып ұйықтай беремін. Бір уақытта Әбекең тұр-тұр ұйқыңнан деді. Екі қыз Әбекеңнің қасында тұрып маған қарап күле береді. Ештеңе түсінбедім. Әбекең айна берді, түріңе қарашы деді. Мәссаған, маңдайыма, мұрныма, екі бетіме, иегіме қорғасын әріптердің бояуын жағып кетіпті «қу қыздар».

«Түркістан» газетімен бала кезде басталған байланыс 1967 жылы қайта жалғасын тапты. Жоғары оқу орнын бітіріп келгенімде, осы газетке әдеби қызметкер болу бұйырды. Бұл газетке қызметке орналасуым өте қызықты оқиға болған. Оны басқа бір сәтте баяндармын.

Менің жүрегімнен, есімнен нағашы жұртымдай әсері әлі күнге шыққан емес. Сол кездегі газет ұжымының, басшыларының көмектері, риясыз көңілдері мен жылы жүздері менің алға ұмтылуыма, шығармашылыққа бар ынтаммен ден қоюыма ықпал еткенін еске аламын.

Газеттің ертедегі басшылары Ә.Әбдісаттаров, Т.Мырзахметов, М.Әшірбаев, А.Құрбанбаев, Ф.Рахимов, Ә.Көпбаев, С.Дағмырзаевтардың ағалық қолдауларына ие болдым. Кейінгі кездердегі редакторлар, марқұмдар Б.Нұржанов, А.Оспановтар да аға тұтып құрметтерін аяған емес. Газеттің бүгінгі еңбекқор, талантты ұжымы (басшысы Мәлік Дәулетов) мені ұмытқан емес. Менің Түркістандағы азын-аулақ еңбегімді 75-ке жеткенімде насихаттаған, құттықтаған бірден–бір мекеме осы ұжым болды. Қала басшылығының «мұрнын сіңбіруге» уақыты болмай жатқанда облыс орталығы болған қаланың ішіне тысы сай, тысы ішіне сай «Түркістан» газетінің 90 жылдық мерейлі мерекесі жылы ұжымға, әрбір журналисіне зор денсаулықпен бірге, тынымсыз ізденіс, еселі еңбектенуді, жалғастыра беруді тілеймін.

Туған жер газетінің Түркістаннан шыққан республикаға белгілі ақын-жазушылар Қаныбек Сарыбаев, Темірхан Медетбеков, Қасымхан Бегманов, Ерназар Розметов, Мария Мерешова, Аманкелді Досжанов секілді әдебиеттегі алғашқы баспалдақтары осы мекеннен басталғанын да еске алғанымыз жөн.

Нұрмахан НАЗАРОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы