ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ НЕГІЗІ

1  033 көрілім

Биылғы жылы қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Біздің міндетіміз – жалпы адам баласына ой салатын осындай ізгіліктің иесі Абайды дұрыс насихаттау, бай мұрасын әлем жұртшылығына жеткізу. Негізгі мақсат – дана тұлғаның тағылымын жастардың санасына сіңіру, ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Тарихи күнді ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру.

Абай шығармаларында табиғатқа сүйіспеншілік, адам баласының ғаламдағы орны секілді бүкіл адамзатқа ортақ тақырыптар қамтылған. Ол Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танымал тұлға. Абай – тек қазақтың, тіптен түркі тілді деңгейде ғана емес, бүкіл адамзаттық деңгейге көтерілген алғашқы қазақтың ұлы данышпандарының бірі. Абайдың ұлттық құндылықтарының інжу маржандарын терген үлкен мұрасы жалпы адамзат баласына бағытталған. Ақынды танып білген, сондай-ақ Абай өнегесімен сусындаған адамға, өмірдің тауқыметін жеңіп шығу жеңілірек болмақ.

Абай мұрасы – жан азығы. Ол ең алдымен Сіз бен бізге керек екен. Абай сәулесі – адам бақытын ардақтап, жалқыға емес, жалпыға ой салар ұлы сабыр. Ойшыл, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Оның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Атамыздың есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. Ғасырлар бойы қалыптасқан экономикалық жағдай, тұрмыс салты үлкен өзгеріске түсіп жатқан аумалы-төкпелі заманда қоғам көшінің ендігі бағытын айқындау, қалайда елдің елдігін, тұтастығын, халықтың ұлттық рухының тазалығын сақтай отырып, жаңа жағдайға бейімделу – бұлар дәуірдің, әлеуметтік өмірдің өзі туғызған тарихи қажеттілік. Осы қажеттілік бүкіл қоғамдық ой-санаға, әдебиет пен өнерге жаңа серпін берді. Нағыз халықтық, реалистік принциптерге негізделген жазба қазақ әдебиеті, Абай шығармалары осы қоғамдық сұранысқа толық жауап берді. Ақын шығармаларын оқи отырып, біз оның адам жаны мен уақыт талабын жете түсінген дарын иесі болғандығына көз жеткіземіз.

Г.ДҮЙСЕНБАЕВА,

Түркістан қаласындағы тарихи – мәдени этнографиялық орталықтың директоры, мәдениет саласының үздігі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы