АНА – ӨМІР ҰЙЫТҚЫСЫ

2  583 көрілім

Шыр етіп жарық дүниеге келген шарана анасының әлдиінен ғана нәр алады. Жаратушының әйел-ананың бойына дарытқан құдіретті күші. Күннің шуағындай жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, өмір себуші асыл жан, ол – Ана!

Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын хадистерінде «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да парызды өтей алмайсың» деп ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылып «Жұмақ – Ананың аяғының астында» делінген. Адамзат тарихында қазақ халқының арғы – бергі өмірінде ананың бақытын бәрінен биік қойған. Ақ жаулықты аналарымыз, еріне – тірек, ел бірлігіне – тұтқа болған. Көк жиектен тамыр тартқан, тарихи оқиғаларға зер салсақ, біздің қыздарымыз адалдық пен сұлулықтың, батырлық пен ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен.

«Отан отбасынан басталады», – дейді дана халқымыз. Ал, отбасының ұйытқысы, «Ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» – алтын жүректі аналарымыз біздің халқымыздың ең құнды қазынасы. Ана бір қолымен бесік тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйласа, ал бір қолымен әлемді тербетіп, қоғамның айнасы болуда. Ел үшін маңдай терін төгіп түрлі салада қызмет етіп жүрген аруларымыз қаншама. Білім мен тәрбиені қатар алған ұстаздық жолда қызмет атқарып жатқандардың басым бөлігі ақ жаулықты аналар мен ару қыздарымыз екені баршаға аян. Педагогика саласында қабылданған жаңа заң ұстаз аналарымызға жарқын көңіл күй сыйлады.Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекетіміздің өркендеуі соңында келіп әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ. «Ер баланы тәрбиелесең әскерді тәрбиелегенің, қыз баланы тәрбиелесең, халқыңды тәрбиелегенің», «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» дейді даналарымыз. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже, әулеттің ұйытқысы. Ұрпақ тәрбиелеп, бесік тербететін қыздарымыздың болашақ ана екенін қазірден бастап саналарына сіңіретін ұстаздарымыз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзін айтсақ, бесігінде жақсы тәрбие алған үлгі-өнеге көрген бала –болашақта сол әдебін сақтамақ. Әдепті, инабатты, адамгершілігі мол, ар тазалығын жоғары ұстайтын жас ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі мектептің, қоғамның, ата- ананың алдындағы негізгі міндетін абыроймен атқарайық.

Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, ең алдымен адамшылдығының белгісі.

Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, нәр алып жүрген біз алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші. Жан жүрегімізді шуаққа бөлейтін көктемнің күніндей аналар мен арулар мерекесі құтты болсын.

Гүлжан ОРАЗГЕЛДИЕВА,

Түркістан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер орталығының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы