АНАЛАРДЫ ҚҰРМЕТТЕҢДЕР, АДАМДАР!

1  000 көрілім

Әлемді әнмен әлдилеген аналар,

Құдірет күші Күнмен, Аймен бара-бар.

Мейірімі жүрегіңе шам жағар,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

         Ақ қанатты аққу сынды аналар,

         Біз – балапан, бауырына паналар.

         Әкемізге болғаны үшін жар адал,

         Аналарды құрметтейік, адамдар!

Ана – бұлақ, тірлік көзі нәр алар,

Әкім, патша, батырлар да, даналар.

Анасының құрсағында жаралар,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

         Бұл өмірде баласыз да ана бар,

         Бұл өмірде анасыз да бала бар.

         Болдырмауға мұны қандай амал бар?

         Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Тайдан – құнан, тұлпар өссін десеңдер,

Ұлтын сүйген ұрпақ өссін десеңдер.

Ұрпағымыз шырқап өссін десеңдер,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

         Шын тілесең – көктен төгер нөсерлер,

         Төккен сайын төге түсер, еселер.

         Ризығың ортаймасын десеңдер,

         Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Дос мерейі таси түссін десеңдер,

Қас жігері таси түссін десеңдер,

Жаттан мысың басым түссін десеңдер,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

         Бірлік жайлы ой толғайды көсемдер,

         Бірлік қымбат деп сайрайды шешендер.

         Бірлігіміз беки түссін десеңдер,

         Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Жар да ыстық. Жардан сүйген бала бар,

Қабағына жаутаңдаған ана бар.

Көңілінде өз ұлына нала бар,

Кімге айтып өз жүрегін жаралар?

         Бәрімізді тапқан ана – жан анаң!

         Түсіп қалған жоқ шығармыз шанадан.

         Туғанымыз рас болса анадан,

         Аналарды құрметтейік, адамдар!

Меккеге үш апарғанда арқалап,

Қарызыңнан жеңілдесең, мархаббат.

Аналардан тасып шыққан махаббат,

Тірі әлемде құру үшін салтанат,

Аналарды құрметтеңдер, адамдар!

Нұрмахан НАЗАРОВ,

ақын, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы