АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ЖОМАРТ ЖАН

1  310 көрілім

Осыдан екі жыл бұрын Наурыз мерекесі қарсаңында Кентау қаласы, Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекеніндегі «Құмтүйін» жалпы орта мектебінің спорт залында бокстан жасөспірімдер арасында жарыс өткен болатын. Жарыстың ұйымдастырушысы әрі демеушісі осы ауылдың тумасы Таубай Егембердиев екен. Байсалды, салмақты жігіт ағасымен осы спорттық жарыста танысқан болатынмын.

Мақаламыздың бүгінгі кейіпкері Таубай Балтабайұлы 1969 жылы 16 мамырда туған. «Құмтүйін» жалпы орта мектебін тәмамдағаннан кейін қаладағы бұрынғы «СПТУ-93» училищесінде оқыған. Аталмыш оқу орнын ойдағыдай бітірген жалынды жас Отан алдындағы азаматтық борышын Қара және Балтық теңізінде 3 жыл өтейді. Әскерде түрлі спорттық жарыстарда топ жарып, құрдастарының арасында оқ бойы озып жүреді. Аман-есен ауылға оралған жігіт ағасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан туған ауылын түлетуді мақсат етіп келеді. Бүгінде ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалануды көздеп, оларды спортқа баулуды қолға алған. Атап айтсақ, жыл сайын Құмтүйін елді мекенінің іргетасын қалаушылардың бірі, соғыс ардагері Төлепберген Азизбековтың құрметіне жасөспірімдер арасында бокс, таеквондо, еркін күрес сияқты спорт түрлерінен жарыстарды дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді.

– «Жастар – болашағымыз, сондықтан ауыл жастарын жастайынан түзу жолға бастап, түрлі жат ағым, жат қылықтардан аулақ жүруге шақыруды мақсат еткенмін. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында да жастардың білімділігі, ана тілін білуі мен мәдени деңгейі, дүниетанымдық ой-өрісі туралы ерекше атап өткен болатын. Оларды еңбекке үйретіп, бір-бірлеріне көмек беруді ұдайы айтып келемін. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» демекші 10 жылға жуық уақыт болды көктемгі мезгілде ауылға 500-ге жуық көшет отырғызуды қолға алып келеміз. Бұрынғы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ауылымызға келген бір сапарында туған жеріміздің жасыл желекке айналғанын көріп ризашылығын білдірген еді. Мұндай игі істер ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының арқасында жүзеге асып отыр деп ойлаймын», – дейді бізбен сұхбатында Таубай Егембердиев.

Бүгінде «Алтын бұлақ» автовокзалының директоры қызметін абыроймен атқарып отырған Таубай ағамыз түрлі деңгейдегі спорттық жарыстардың өтуіне ұйытқы болып жүрген спорт жанашыры. Атап айтсақ, биыл ауыл мен қала жастарының достығын нығайту мақсатында кіші футболдан жарыс өткізсе, жекпе-жек ұлттық спорт түрінен бірнеше рет Халықаралық додалардың өткізілуіне тікелей атсалысқан азаматтардың бірі. Жақында «Қазспорт» телеарнасынан тікелей көрсетілген «Гран-при Алаш Прайд – 2020» турнирінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқандардың бірі болып табылады.

Халқымызда мұқтаж жандарға қол ұшын беру, шапағат көрсету сияқты ізгі амалдар бар. «Кімге қандай жақсылық жасаған болсаңдар, Алла Тағала оны шүбәсіз біледі» («Бақара» сүресі, 215-аят). Солай екен, Таубай ағамыз мұқтаж отбасыларға көмек беруді өзінің азаматтық парызы деп есептейді. Бүгінде «Қамқорлық» бағдарламасы аясында ауылдағы қолы ашық, жомарт азаматтардың басын қосып тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Жұртшылық мұндай ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Таубай Егембердиевке дән риза. Өткен жылы Арыста болған апат кезінде арыстықтарға алғашқылардың бірі болып көмек қолын созғандардың ішінде осы азамат та болатын.

Елге қамқорлық көрсетіп, алғысына бөленіп жүрген ол облыс орталығы атанған шаһарға қызығушылық танытып отырған көрші елдермен байланыс орнатуды қолға алыпты. Нақтырақ айтсақ, жақында көрші Өзбекстан Республикасынан туристерді Түркістанға тарту бойынша келіссөздер жүргізуде. «Облыс орталығына келген туристерге сапалы қызмет көрсету басты міндетіміз. Сондықтан әрбір түркістандық мәдениетті болуы шарт», – дейді атпал азамат. Өткен жылдың соңында облыстық ақсақалдар алқасының мүшелігіне қабылданған Таубай Егембердиев жұбайы Раушан екеуі Нұрбол, Ербол, Таңшолпан есімді ұл-қыздарды тәрбиелеуде. Айтпақшы, ұлдары өзі сияқты спортқа ден қойып, салауатты өмір салтын ұстанған жандардың қатарында танылып келеді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, мақаламыздың соңында Хазірет Омардың: «Имандылықтың үштен бірі – Ұялу, үштен бірі – Даналық, үштен бірі – Жомарттық» деген ойы дәл осы Таубай ағамызға арналғандай деп айтқым келеді…

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы