МАҚТААРАЛДЫҚ ШАРУА ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІН АВТОМАТТАНДЫРЫП ЖАТЫР

1  104 көрілім

Мақтаарал ауданына қарасты Азаттық елдімекеніндегі «Амина» шаруа қожалығының төрағасы Берік Сарыбаев 3,9 гектарлық аумақтың 1,5 гектарына жылыжай кешенін салған. Жылыжайдан жылына екі өнім алатын кәсіпкер 10 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал, маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшылардың саны 3 есеге дейін артады екен. Берік Нұрмаханбетұлының негізгі мамандығы авиациялық ұшу аппараттарының «инженер-металлургы».

Ауыл мектебін бітірген соң Самара қаласындағы академик С.П.Королев атындағы ұлттық ғылыми университетке оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Алайда, университеттен кейін оның Ташкенттегі «Илюшин» ұшақтарын шығарушы авиациялық зауытқа жұмысқа тұрамын деген үміті ақталмайды. 1990 жылдардағы алмағайып уақыттар оған мүмкіндік бермейді. Содан ол тұрғын үйлер мен шағын ғимараттарды жөндеуді үйреніп, 19 жылдай сонымен шұғылданады. Кейіннен туған ауылына оралған ол жақын адамдармен ақылдаса келе 2013 жылдан осы жылыжайда бақша дақылдарын өсірумен айналыса бастапты.

«Басында біраз қиналдым. Бұрын шұғылданып көрмеген салам болған соң, біраз уақыт тек шығынмен жұмыс істедім. Ал, бірақ тынымсыз ізденістер, өз ісіне деген сүйіспеншілік пен қиыншылықтардан қашпасаң өз мақсатыңа жететініңе көзім жетті. Бүгінде жылыжайдың басым бөлігіне қызанақ ексем, жарты гектарына қияр егемін. Сондай-ақ, шағын мөлшерде ерте пісетін қырыққабат пен басқа да бақша дақылдарын отырғызамын. Бірақ, басты назарды қызанақ пен қиярларға аударамын. Біз жаққа тек голландиялық тұқымдар қолайлы. Себебі, біз оңтүстік өңір болғанмен басқа оңтүстік аймақтардан өзгешіліктеріміз бар. Тіпті, көршілес Сарығаштың климатына сәйкес келетін тұқымдар бізге тура келмейді. Соны да ескеру керек»,- дейді ол.

Есеп бойынша көшеттер 45 күнде шығып, алғашқы өнім сәуірдің ортасында бере бастайды. Ал, қияр ерте пісетіндіктен оны егу жұмыстары кешірек басталады екен. Десе де, қызанақтан да, қиярдан да өнім бір уақытта жиналады.

Мамандардың айтуынша барлық агротехникалық шаралар дұрыс орындалса, піскен қызанақтың бір данасының салмағы 240 граммнан 300 граммға дейін жетеді. Соның арқасында әр маусымда қызанақтың өзінен 75-80 тоннаға дейін өнім алуға болады. Өнімдерінің табиғи құнарлылығын сақтау мақсатында органикалық және минералдық тыңайтқыштарды қолданатын шаруа қожалықтың өнімдері бүгінде Атакент, Асықата мен Жетісайдың базарларына өткізіледі.

Біртіндеп өндірістік бағыттағы жылыжай кешенін салуға әрекет жасап жатқан Берік жылыжайдың үстін автоматты түрде ашып-жабу механизмін орнатқан. Қол еңбегін азайту үшін шағын трактор алып, жер жырту, жер қопсыту мен басқа да агротехикалық шараларды, дайын өнімді тасымалдау ісін жеңілдетіп отыр.

Алдағы уақытта қазір пайдаланып жүрген кленкалардың орнына өндірістік жылыжайларға арналған арнайы жұқа, мөлдір әрі жеңіл қаптамаларды қолдануды жоспарлап отырған мақтааралдық шаруа жылыжайының көлемін ұлғайтуға ниетті. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан жылыжайды газдандыру ісінде қолдау қажет.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы