ШАҺАР БАСШЫСЫ ЕЛШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

900 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келген Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілерімен кездесті. Ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын талқылау мақсатында жүзеге асқан жиын екі жақты қарым-қатынасты ұлғайтпақ. Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі Свен-Олов Карлссон жетекшілігімен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер елшілерінің делегациясы облыстың экономикалық және туристік әлеуетімен таныс болды.

Хорватия, Словакия, Чехия, Австрия, Германия, Румыния, Финляндия елдерінің Қазақстандағы елшілері бас қосқан жиында кәсіпкерлік саласына жіті мән берілді. Сонымен қатар, меймандар бизнес жүргізуге жасалған арнайы инвестициялық мүмкіндіктер жайлы ақпарат алды. Түркістан қаласының қазіргі жасы да қонақтардың назарынан тыс қалмады.

Рашид Абатұлы өз сөзінде, даму қарқыны жанданған шаһарда 170 мыңнан аса халық бар екенін және тұрғындар мен туристерге жайлы жағдай жасау маңызды мәселе екендігін сөз етті. Сонымен қатар, терең тарихымен танымал Түркістанның басты байлығы Қ.А.Ясауи кесенесі жайлы жан-жақты тоқталып, бүгінгі мақсат – ескі және жаңа қаланы ұштастыра отыра, қауіпсіз, жайлы қала жасау екені айтылды.

Кездесу барысында Қазақстандағы Хорватия елшісі Рефик Шабанович осы жылдың 2-3 шілдесінде өтетін бизнес форумға қаладағы туризм саласының қызметкерлерін тәжірибе алмасуға шақырды. Ал, шаһар басшысы елшілерді 12 күн бойы аталып өтетін Наурыз думанда күтетінін айтты. Сонымен қатар, «Жасыл белдеу» құруға және инвестиция тартуға шақырды.

Айта кетейік, 1 наурыздан бастап Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім күшіне енген болатын. Ал, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде бірінші болып 2015 жылы Еуропалық Одақпен келісімге қол қойған. Келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, мәдениет, білім және ғылыми зерттеу салаларындағы ықпалдастыққа жол ашатын болды.

Бұдан соң қонақтар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болды. Онда университет ректоры Б.Абдрасиловпен Халықаралық байланыстарды нығайту жөніндегі бағдарламалар мен жобалар жөнінде талқылады. Сонымен бірге, елшілер ХҚТУ-дің мәдениет орталығындағы музейімен танысып, студенттермен еркін форматта кездесу өткізді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы