ЗАҢСЫЗ ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

1  123 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтсақ, өз бетінше жерлерді иелену фактілері бойынша атқарылған жұмыстардың барысы, қала құрылыстық жобалармен қамтамасыз ету, қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы мәселелер тыңдалды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Қасымбеков баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше Түркістан қаласының аумағы 19627 га жерді құрайды екен. Өткен аптада аталған бөлім қала аумағында жер учаскелерін заңсыз иелену деректері бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізген. “Бекзат” мөлтек ауданында болып, анықтау жұмыстары нәтижесінде жалпы саны 93 заң бұзушылық анықталса, оның ішінде 42-сі өз бетінше иелену, 16 жер игерілмеген, 34 жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаған.

Аталған мөлтек ауданының шетінен тұрғындардың өз беттерінше үй салып алу фактілері орын алған. Қала тұрғындарымен кездесу барысында олардың қолдарында 2005 жылғы “Яссы” ауыл округі әкімдігінің шешімдері бар екендігі анықталып, жалпы саны 230 шешім түгенделіпті. Осы 230 шешімнің 138-і құрылыс жұмыстарын жүргізген, 81 тұрғын үй болса, 57 үйдің іргетасы қаланған.

Жоғарыда айтылғандай шешімдердің заңдылығы күмән туғызып отырғанын жеткізді. Заңсыздықтарды әлдебір азаматтар жер сатып, құжаттарын рәсімдеп беремін деп аляқтық жолмен айналысып жатқанын мәлім етті. Бұл жөнінде қалалық полиция басқармасына арнайы хат жолданыпты. Сонымен бірге жер учаскелеріне құжаттары рәсімделмесе де «Оңтүстік Жарық» мекемесі электр қуатын қосуға рұқсатын негізсіз беріп, есептегіш құралдарын орнатып берген.

Бұл өз кезегінде азаматтардың заңсыз тұрғын үй салуға жағдай жасау болып табылады. Осыған байланысты аталған үйлерге электр қуатын қосуды тоқтату, бұл жөнінде арнайы жұмыс тобын құру, заңсыз жер сатумен айналысып жатқан азаматтардың қылмыстық жауапкершілігін қарау қажеттігіне тоқталды.

Келесі кезекте сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ж.Тасов қала құрылыстық жобалармен қамтамасыз ету барысы туралы хабарлады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 жарғысының 4-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес, Түркістан қаласының бас жоспарын қайта әзірлеуді тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, ҚР Үкіметі тарапынан қаланың бас жоспарын әзірлеу бойынша арнайы комиссия құрылып, «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қаланың бас жоспарының тұжырымдамасы әзірленген.

Қазіргі таңда бас жоспарды бекіту мақсатында ҚР Үкіметінің қарауына енгізу үшін құжаттар ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына жарияланғанын жеткізді. Сонымен қатар, келісім-шартқа сәйкес, жобалаушы мекеме қаланың бас жоспарымен бірге бастапқы құрылыс салу көзделген 7 аумақтың жобалары әзірленгені жөнінде толық мәлімет беріп өтті.

Мәжілістің күн тәртібіндегі келесі мәселе ол қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы қала әкімі аппаратының құжаттандыру бөлімінің бас маманы Ә.Әріпжанов хабарлап өтті. Жиын барысында қала әкімі Р.Абатұлы берілген тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын тиісті дербес бөлімдерінің басшыларына нықтап тапсырды.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы