ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

1  266 көрілім

Өзбек өз бауырым, туған ағам,

Бар қайғың-қуанышың ортақ маған.

Жыласа, яки күлсе бірге болған,

Бойына сан-ғасырлар ата-бабам…

С.МҰҚАНОВ.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты орталық кітапхана мен №40 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Ерназар Розметовтың 85 жылдығына арналған «Ғибратты ғұмыр иесі» атты әдеби кеш өтті. Балалар ақыны, «Оңтүстікке сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері Е.Розметовтың бүгінгі таңға дейін 20-дан астам кітабы жарыққа шығып, өз оқырмандарының көңілінен шығып үлгерген. Қазақ және өзбек әдебиетінің алтын көпірі бола алған ақынға арналған кеште «Батаменен ел көгерер» республикалық батагөй қариялар байқауының алғашқы жеңімпазы, қаламыздың ардақты ақсақалы Е.Бимаханбетов, «Қайнар бұлақ» әдеби бірлестігінің төрағасы З.Еркебалаев, қалалық өзбек этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Сайтмұратов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Ибрагимовтер ақынға арналған жүрекжарды лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Түркістан орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры К.Малдыбекова мен дамыту бөлімінің әдіскері Ж.Жүркаевалар да ақынның шығармашылығына кеңінен тоқталып, әлі де жазғанынан жазары көп ақынның иығына шапан жапты. Мұндай тәлім-тәрбиесі мол кездесудің өскелең буынның бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, балалардың әдебиет әлеміне деген қызуғышылығын оятатынын жеткізді. Шарада қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашса, №19 және Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектептерінің оқушылары ақынның қазақ, өзбек тілдерінде жазған өлеңдерін тебірене оқыды. Осылайша ақынға сый-құрмет көрсетіліп, ардақталды. Біз де, өз кезегінде, балалар жанының бағбаны болған Ерназар ағаның шығармашылығына зор табыс тілейміз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

“Түркістан”.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы