Қаламыздағы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде ҚР Қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы келді. Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, мектепке дейінгі және орта білім департаменті тәрбие жұмысы және қосымша білім басқармасының бас сарапшысы Қалкен Жахин, ҚМДБ «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Мұхан Исахан, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Құқық және халықаралық қатынастар факультеті деканының орынбасары Ермек Бекбосынов және облыстық білім басқармасының бас маманы Қайрат Арап қатысып, тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.
Шаһарымыздағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдерімен өткен кездесуде мектеп оқушыларының тәрбиесі мен киім үлгісіне қатысты сауалдар жолданды.
– Жыл басында 500-ден аса оқушы басына орамал тағып келетін. Ал, қазіргі таңда, осындай іс-шаралардың нәтижесінде облысымыздағы 902 мектептен хиджаб киіп отырған қызды кезіктіре алмайсыз. Ал, қалған 19 оқушыға білім саласындағы бақылау департаментінің мамандары айыппұл салуда. Әкімшілік құқық бұзушылықтың 409-бабына сәйкес, егер оқушы бұйрыққа сәйкес міндетті мектеп формасын кимесе, он күн бойы сабаққа қатыспаса – жауапкершілікке тартылады, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Қайрат Арап.
Бүгінгі таңда білім ордасында хиджаб кию мәселесі кеңінен қаралуда. Дегенмен, жиын барысында бұл істің де үлкен нәтижеге қол жеткізілгендігі айтылды. Қорыта айтқанда Түсіндіру тобының мақсаты – мектептегі қарама-қайшылықтарға баса назар аударып, қоғамдық сананы жаңғыртуға шақырады.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
«Түркістан».



