БІР ХАЛЫҚ – БІР ЕЛ – БІР ТАҒДЫР

1  124 көрілім

Қазақ елі тәуелсіз даму жолына түскеннен бері адам құқығын қорғау саласында жалпыға ортақ адам құқығы жөніндегі декларация мен ұлттық, азаматтық, саяси құқық туралы басқа да құжаттар бойынша бекітілген халықаралық стандарттарға берік екендігін дәлелдеп келеді. Елімізде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары қатаң сақталады. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық қақтығыстарға жол бермеуінің нәтижесінде тұрақты дамып келе жатқан мемлекет.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы ұлттық саясаттың, іс жүзінде институционалдық деңгейге көтерілгендігін көрсетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуметтік институт ретінде этносаралық қатынастарды үйлестірудің тиімді тетіктерін қалыптастырудың сапалық тұрғыда жаңа негізін қалап отыр. Бұл жаңашылдықтың мәні этносаралық және дінаралық келісімді нығайту ісінде мемлекеттік саясат пен қоғамдық бірлестіктер арасында өзара серіктестік қарым-қатынастың орнығуында.

Ассамблея құрылған уақыттан бергі қызметінің тарихы оның өміршең қоғамдық құрылым екендігін дәлелдеп берді. Бүгінгі күні этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжрибесін әлемдік қауымдастық үлгі тұтып, зерттеу үстінде. Бұл тәжірибе ХХІ ғасырдағы ұлттық саясат тиімділігінің өлшем бірлігіне айналып отыр. Өйткені, Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан салиқалы да бірізді ұлттық саясаттың нәтижесінде өркенді дамуға, қоғамның қай саласында болмасын нәтижелі еңбек етуге барлық жағдайлар жасалған.

Ассамблея этносаралық келісімді жүзеге асырудың оңтайлы институты ретінде толық қалыптасып, өзінің белсенді қызметі арқылы қоғамның салаларында өз орнын тапты. Қазақстан халқы Ассамблеясының жемісті жұмысы этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды үйлесімді етуге, қоғамдағы өзара түсіністікті сақтау мен дамытуға қызмет етудің жарқын көрінісі болды.

Қазақстандағы азаматтық татулық пен келісім – ол еліміздің барша азаматтарының саналы ұстанымы. Оның мәні барлық этностардың мәдениетіне, тілі мен діліне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарау мен өзара сыйластықтың қажеттілігін терең түсіну деген арнаға тоғысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі барысында аса құнды оң тәжірибе жинақталып, ол этносаралық мәселелерді шешудің бірегей жолы ретінде әлемдік тәжірибеге енгізіліп отыр.

Қазақстан Республикасында ұлтаралық татулық пен келісім саясатын іс жүзіне асыруда кіші Ассамблеялар зор үлес қосып келеді. Кіші Ассамблеялар ұлттық-мәдени орталықтар негізінде жұмыс істейді. Олар мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы көпірге айналды. Кіші Ассамблеялар  тәуелсіздіктің  алғашқы  жылдарындағы теріс  пиғылдарға  қарсы тұра алатындығын дәлелдеді, ортақ мәдени кеңістіктің сақталуын қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Кіші Ассамблеялар осынау өзгеріске толы заманда еліміздегі этникалық топтардың мәдени құндылықтарын сақтап қалудың негізгі факторларына айналып отыр.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланғалы жатыр. Бұл мереке – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, адамзаттық борышы мен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.

Зәуре ӘЛІМХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы