ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ Р.АЮПОВ: БІЗГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕГЕНІ ЕМЕС, ТӘРТІП КЕРЕК

820 көрілім

Түркістан қаласы әкімінің төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті. Күн тәртібінде қаралған төрт мәселенің алғашқысы стационарлық емес сауда қызметін реттеу міндеттері туралы болды. Осы мақсатта баяндама жасаған қала әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Г.Даханованың бір деммен оқып шыққан баяндамасына шаһар басшысының көңілі толмады. Десе де бөлім басшысының орталық базар маңын ретке келтіру жөніндегі ұсыныстарын айта кеткенді жөн көрдік.

Ретсіз сауда орындарын қалыпқа келтіру мақсатында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру және бағыттарын бөлу кәсіпкерлік субъектілердің өтінімдері бойынша жүзеге асырылмақ. Жергілікті атқарушы органдар оны конкурстық негізде өткізеді. Қысқасы кәсіпкер өзіне қажетті жер көлемін алған соң, ол жерге бекітілген сызба бойынша бір ай көлемінде жеңіл құрылыс (дүңгіршек) салуы тиіс. Егер олай болмаған жағдайда алған орныңыз кері қайтарылуы мүмкін. Бірақ, әзірге бұл бастаманың жоба екенін еске сала кеткен жөн.

Сөз бен істің арасындағы алшақтықты алға тартқан әкім өз сөзінде: «Базардағы ретсіз сауда орындарын тәртіпке шақыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, атқарылатын шараларды жоспарлап қойдық»,- деген сырғытпа сөздің қажеті жоқ. Нақты нәтиже керек»,- деп баяндамашының аталмыш бағытта атқарып жатқан жұмысына қанағаттанбайтынын жеткізді.

Осы жұмыстармен қатар, мәжіліс төрағасы алдағы уақытта өтетін халықаралық конференцияға жазылушылар саны мыңға жеткенін айтып, келген туристерге талапқа сай қызмет көрсетудің дайындығын да назардан тыс қалдырмады.

Сондай-ақ, қалалық Полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметінің жұмысында да көңіл көншітпейтін істердің барына тоқталды. Атқарылған жұмыстарын айтып, оңды нәтижелерін алға тартқан жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы А.Тоқбергеновтің «ретсіз сауда орындарын жүйелеу мақсатында айыппұлдар өндіріп жатырмыз»,- деген уәжіне қала әкімі Р.Аюпов: «Бізге кәсіпкерлердің айыппұл төлегені емес, тәртіп керек»,-деп қысқа қайырды. Бұдан өзге туризм саласы дамып жатқан шаһарда ұрлық өршігені дұрыс еместігін және тәртіп сақшыларына жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға нәтижелі іс жасауды тапсырған қала әкімі жол бойында орналасқан мектептердің алдындағы жаяу жүргіншілер жолы, көлік жылдамдығын баяулататын жол белгілерін орнату бойынша алдағы дүйсенбіде арнайы ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Иә, шаһар басшысының талабы орынды. Орталық базар маңындағы жүгенсіз кеткен сауда нүктелерін ретке келтіріп, ең алдымен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керектігін ұсынып отыр. Кәсіпкерлер де заман талабына сай қызмет көрсетуі керек. Бұл ретте қос баяндамашының «жан жадыратар» мәліметтерінен бұрын, әкімге нақты жұмыстың атқарылғаны қажет екені түсінікті. Міне, осылайша жалғасын тапқан әкімдік мәжілісте аталған мәселелерді іске асыру үшін арнайы мерзімдер белгіленді. Егер істің соңы тағы да сөз күйінде қалып жатса, жауапты тұлғалардың қызметтік мәселесі күн тәртібінде қаралатын шақ та алыс емес.

М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы