Бүгін түркістандық оқушылар арасында дәстүрлі әнші-термешілер байқауы өтті. “Дәстүрлі ән-терме қазынам” тақырыбымен тұңғыш рет бастау алған сайыста 22 үміткер бақ сынады.
Ұйымдастырушы Тұрар Тілеулиевтің сөзінше, сайыстың өткізілуіне адами капиталды дамыту бөлімі тікелей ұйытқы болып отыр. “Өнер” мектебінің директоры ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, жас толқынға аманаттау азаматтық парызымыз деп біледі. Сондықтан, байқау деңгейін облыстық, тіпті республикалық дәрежеге көтеруді де мақсат тұтып отыр.
Ұлтымыздың ұлы өнері ұлықталған жарыс жас ерекшелігіне қарай екі топ бойынша дәстүрлі ән және терме орындау кезеңдерімен өрілді. Нақтырақ, әр қатысушыға текті сөздің төресі – терме орындау немесе дастан жырдың маржанын паш етеуі шарт болған-тын.
2 және 10 сынып оқушылары арасында өткен сайысқа Қазақстанның халық әртісі, ұлағатты ұстаз Қажыбек Бекбосынов, қалалық “Түркістан” газетінің директор-редакторы Мәлік Дәулетов қазылық етті. Жарасымды ұлттық нақыштағы киімдері сахна көркін ашқан өнерпаздар қасиетті домбыраны күмбірлете халық әндерін айтып, термелерді тамылжыта орындады.
Абай Құнанбайұлының “Желсіз түнде жарық ай”, Ахмет Байтұрсынұлының “Аққұм” әні, тәрбиелік мәндегі Майлықожа, Нұртуған, Бұқар жыраулардың термелері көрермендердің құлақ құрышын қандырды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша I топтағы 2 және 6-сынып оқушыларының арасында топ жарған №24 мектебінің оқушысы Айша Қалыбек жеңімпаз атанды. Ал, II топтағы 7 мен 10-сынып аралығындағы сайыскерлер арысында №21 мектебінің оқушысы Асылзат Мералы бас жүлде иегері атанды. Жалпы, өнер көрсеткен дарабоздар әдебиет әлемі алыптарының атындағы номинациялар бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.
