НӘЗІРДІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫНА – 95 ЖЫЛ

1  892 көрілім

Тура осыдан 95 жыл бұрын, яғни 1923 жылы қазақтың талантты жорналшысы Нәзір Төреқұлов «Темірқазық» журналының алғашқы нөмірін баспадан шығарды. Міне, биыл Нәзір шығарған сол журналға 95 жыл толып отыр. Нәзірдің журнал жайлы сол кездегі өз сөзімен айтқанда: «Күншығыс елдеріне саясат кіндігі, жол көсемі, іс көсемі, ел тәрбишісі болып тұратын әдебиетке негіз салатын, елге білім кілтін ашатын журналдың керектігі көптеп сезілетін. Ел жоғын білетін, ел тілегіне, ел мұңына құлақ салатын журнал елге тура жол сілтейтін, терісін, қисығын тергейтін журнал елдің шын қамқоры, шын досы болып көрінбек» деген тілек сөзін Темірқазыққа арнаған Нәзір, сол журналдың дүниеге келуіне аянбай тер төгіп, еңбек етті. Сол кезде үш-ақ нөмірі шыққан «Темірқазық» журналы өз оқырмандарының көзайымына айналып, сол тұстағы белгілі қалам иелері осы журналға қоғамдағы болып жатқан өзекті проблемалық мәселелерге байланысты мақалаларын жазып отырды.

Темірқазықтың алғашқы нөмірі шыққанда ауыл қазағы өзінің тілегін өлең шумақтарымен жолдағанын байқаймыз. Міне, сондай ел қазағының  бірі  Ескендір Шынтасұлының жүрекжарды өлеңі журналға арналғаны соның айғағы. Бұл өлең жолдарында ауыл қазағы:

Қайырлы,  құтты  болсын, «Темірқазық»,

Саналы аңсағанға бұл бір азық.

Етеді жолбасшылық, жөн көрсетіп,

Адассақ бағыт ауып, жолдан азып.

Қазақтың кемдікте өскен айнасы бұл,

Өзімнен өзіңе айтар тергеп-қазып.

Аз сөзбен елден көңіл білдіремін

Сүйелді қолдарыммен өлең жазып… – деп қуана жолдаған өлеңі ауыл қазағының журналға тілекші екендігін білдіреді.

Міне, арада бір ғасырға жуық жылдар өтсе де Нәзір шығарған «Темірқазық» журналы қазақ журналистика тарихында әлі күнге дейін  өзіндік  орны бар басылымдардың бірі екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Нәзір көзден кетсе де оның қазақ журналистика тарихындағы    есімі және «Темірқазық» журналы қазақ оқырмандарының есінде әлі де ұзақ сақталатынына кәміл сенеміз. Облыс орталығы Түркістан қаласындағы Нәзір Төреқұлов музейінде Нәзір шығарған «Темірқазық» журналының сыртқы мұқабасы экспонат ретінде қойылған. Музейге келген әрбір жас өрендер осы журналдың сыртқы мұқабасына қызыға да, таңдана да қарап, Нәзір аталары секілді жорналшы    болуды армандайтындарын   көз жанарларынан байқауға болады. Қорыта келгенде, өткен ғасырдың 20-шы жылдарының орта кезінде қазақ қоғамына қызмет еткен журналға биыл 95 жыл толып, оны еске алуымыз журналға әрі Нәзір рухына деген құрмет дегіміз келеді.

Бақытжан ЖОРАБЕКОВ,

Н.Төреқұлов атындағы музейінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы