Қадір-Мырза-Әлі көзі тірісінде Түркістанда қандай да бір алқалы жиын болса соның құрметті қонағы болды. Түркістанның 1500 жылдық мерей тойынан кейінгі іс-шараға қатысып жүрді. Қаладағы № 21 жалпы орта мектепте директор болып жүргенде үлкен бір мәдени мерекелік басқосуға келе қалды. Бұрынғы аға-інілік қатынасымызды пайдаланып мектепке қонаққа шақырдым. Қасында Қ.Бегманов, С.Ақсұңқарұлы, Б.Алдияров сынды ақын- ізбасар інілері бар. Үш сағаттан астам уақыт ұжыммен кездесіп, әдебиеттің мол тарихын ертеден бастап бүгінге дейін ақтарып тастады. Інілері бірінен соң бірі өлең жырларын төкті. Міне сонда ақын аға Болеслав Прустың «Перғауын» романы бойынша түсірілген көркемсуретті фильм жайлы айтып қалды. Жалпы Қадыр аға өткен-кеткен әлемдік ақын-жазушылар, қайраткерлер жайлы әңгімелерді көп мысалға келтіретін, ұнататын.
Ақын қып-қызыл құмдағы екі боққоңыздың өмірін өзінше суреттеп берді. Кейін ағаның «Жазмышын» ақтарып қарасам тұп-тура сол айтылған сөзі былай шығыпты. Автордың (Фильм түсірушілерді айтып отыр-О.Ә) ойы сондай әдемі. Дүниенің бәрі боқ. Адамдар-қоңыз. Боққоңыздар, осырақ қоңыздар, дүние қоңыздар. Ал өмір жалған. Өмір алдамшы. Аға сөзі маған аяқталмағандай болып көрінді. Одан кейін бірнеше кездестік. Ол кісі Оралдағы Жымпитысына кетті. Кейін мәңгілік мекеніне аттанды. Сұрағы жауапсыз қалды. Бірақ кейін жауапты сол «Жазмыштан» таптым. Көпшіліктікін білмеймін. Менің тапқан жауабым мынау болды». Адам тапқанды адам табады. Бірақ айналаң толған әзәзіл: Байлық әзәзіл, билік әзәзіл, арақ әзәзіл. Тіпті әйелдің өзі әзәзіл. Күндердің күнінде адамның адамы ғана Адам боп қалып, қалғандары тірідей сайтанға айналатын шығар. Ақылды азаматтардың өздері билікке ұмтылғанда, осы оңбаған тірлікті түзетелік деген ниетпен ұмтылады. Бірақ өкінішке орай, ол тірлікті ол түзете алмайды. Керісінше тірлік оны қайтып ешкім түзете алмастай етіп қисайтып берді депті. Жазмышты жеңе алмасаң белгілі. Бірақ оның қай күні не көрсететінін күтпестен әр таңда жақсы оймен, тілекпен бөліскен дұрыс қой.
* * * *
Достарым шайтан арба тепсеңіз денсаулыққа пайда екен деді. Дәрігер одан да асырып айтты. Сөйтіп жүргенде сол қос доңғалақтыны сатып алдым. Артымда балам. Ылдилатып, ойлатып зырғып келеміз. Кедір-бұдырыңызды менсініп жатқан біз жоқ. Екпіндетіп барамыз. Балам бір кезде «Шұңқыр» деп айқайлап қалды. Мен «Балам, адамның қазған апанының қасында бұл шұңқырың не тұрады?» дегенімше болған жоқ әлгі жамау-жасқаудан өте шықтық. Бірақ, Құдайым, пенденің пендешілікпен құрған тұзағынан сақтасын!
* * * *
Тағы да «Балапанға» үңілдім. Тіліне қызықтым. Өйткені бала тілі – бал. Біздер кішкентай кезімізде олай сөйлемейтінбіз. Бүгінгідей ақпараттар ағыны тапшы болғасын болар ондай сөздік қорымыз бола қоймайды. Тағы да бірақ …
«Алдар көсе» жайлы анимациялық фильм берді. Тәп –тәуір дүние сияқты. Бірақ әлі де қазақилығы жетіспейтін тәрізді. Топтамада бай төрт түліктің бірі қойды тебеді. Маған осы жері ұнамады. Өзі бай болса. Оның бар байлығы сол болса. Ол неге адал малды тебеді? Қазақтың ертеден келе жатқан ырымдарда да, тиымында да мұндай нәрсе жоқ қой.
* * * *
Туған бауырым Дүйсенбай жас маман кезінде Қаратаудың тәжі Кентауда тұрды. Бірер жылдан соң қызмет бабымен Байжансай деген поселкаға ауысты. Одан әрі Жетісайға кетті. Бір күні Алматы қаласының Ақсай деген мөлтек ауданынан үй алды. Оңтүстіктің сай-саласынан шықпай жүрген ағама кең жазыққа шығуына тілектестік білдіріп қоңырау шалдым. Ол кісі не деуші еді? Рахметін айтты. Тегіс жер туралы әңгіме қозғамады. Мен де үндеген жоқпын. Дүйсекең артынша және бір жерге көшті. Таугүл деп аталады екен. Неге екені белгісіз? Қуанып кеттім. Бірден биікке қонғанына шүкіршілік айттым. Құтты болсын айта бардық. Тойладық. Қайтарда ескі әдетіме салып. Енді және қай жерге көшіп барасыз? деп сұрадым Бірақ аға бұл сөзге алдын ала дайындалды ма, білмеймін. -Атам қазақ кезінде көкке бекер табынбаған. Тау дегеніміз адамға күш береді екен. Пенде Құдайға жақындай түсеме деген ой да бар, -деді. Пайғамбар жасына жетіп Құдайға мұқтаж болып жүрген ағамның мына сөзінен кейін тек аман жүріңіз деуім ғана қалды.
О. ӘМІРЕЕВ.
(Жалғасы бар).