- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Күш пен жігерді, ептілік пен мықтылықты қажет ететін гір спорты Созақ ауданында қарқынды дамып келеді. Мұның бірден бір дәлелі 20-23 ақпан аралығында Ақтөбе қаласында өткен гір спортынан республикалық чемпионат еді. Онда Түркістан облысының намысын қорғап 16 спортшы бақ сынады. Төгілген тер, еткен еңбек еш кетпеді. Сайыс нәтижесі бойынша түркістандықтардың қоржынында 5 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар.
Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында Алмас Оңалбай (53келі), Бақтияр Пашанов (53келі), Нұрсұлтан Сабыр (63келі), Ахмет Ерболат (+78келі), Қобыланды Орынбасаров (73 келі) алтыннан алқа тақты. Тұғырдың екінші сатысынан Рысбек Ердос (58келі), Бекеш Мейрамбек (+73келі) көрінді. Жүлделі ІІІ орынды Тұрғанбек Бақытжан (68келі), Әбдінәби Асылжан (68 келі), Серік Жандос (68 келі) еншіледі.
Айта кетерлігі, аталған спортшылар Созақ ауданындағы балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінің шәкірттері. Бапкері, ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұрат Серікбаев шәкірттерінің жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы уақытта бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізу үшін талмай еңбек ете беретінін жеткізді.

Және ол өз сөзінде: “Гір спорты нағыз біздің Созақ ауданының спорты екен деген ойда жүретінмін. Уақыт өте келе осы саланы қолға алып, шәкірт тәрбиелеуді бастадым. Шәкірттерімнің барлығы кіл мықтылар. Мәселен, Қобыланды Орынбасаров жастар арасында әлемнің үш дүркін чемпионы”,- дейді.
Еске сала кетейік, жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанып оза шапқан жеңімпаздар алдағы болатын Азия, Еуропа, Әлем чемпионаттарына жолдама ұтып алды.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.