АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ҚАЛА КӨШЕЛЕРІМЕН ЖҮРУІНЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАТЫН БОЛДЫ

939 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, 1-сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және «Алтын аймақ» аумағындағы кәріз жүйелерінің жүргізілу жұмыстары, ауыр жүк көліктерінің қала көшелерімен қозғалысын реттеу мәселелері, қала көлеміндегі орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін автокөлік жолдарын зерделеу, «Қамқорлық» бастамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы мәселелер тыңдалды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Жарасов хабарлама жасады. Баяндамашы 1-сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және «Алтын аймақ» аумағындағы кәріз жүйелерінің жүргізілу барысына тоқталды. Бүгінде Түркістан қаласындағы белгіленген аумаққа кіретін Тәуке хан, Б.Саттарханов, Т.Бокин, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, А.Талқанбаев, Шолпан, Д.Қонаев, Мәдіходжаев, Ғ.Мүсірепов, Байбұрт, Хақназар хан, Бәйдібек батыр, Әмір Темір, Батырбеков, Мамай батыр, Домалақ ана, Диметов көшелерін сарқынды сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Бөлім тарапынан әзірленіп жатқан Яссы мөлтек ауданы, Ыждыхат тұрғын үй массивін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Қазіргі таңда аталған нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізуге тапсырылса, нысанның сараптама қорытындысын алу 2020 жылдың сәуір айында жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бұдан соң қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Қ.Ешманов қаладағы ауыр жүк көліктерінің қала көшелерімен қозғалысын реттеу мәселелері туралы баяндады. «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында Түркістан қаласы Б.Саттарханов көшесімен жүк көліктері көптеп жүруінің салдарынан тас жол қатты ластануда. Осыған байланысты құрылыс материалдарын тасымалдап жүрген жүк көлік жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабына сәйкес, 648 хаттама толтырылып, 1 млн. 813 мың 284 теңге айыппұл салынған.

Сонымен қатар, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде тас жол мен құрылыс нысандары арасында 14 көлік жуу орыны ашылған. Жүк көліктері дөңгелектерін сол жерде тазалап шығуға мүмкіндік қарастырылып отыр. Жүк автокөліктердің әуежай нысанына құрылыс заттарын тасымалдау бағытын анықтау мақсатында алдағы уақытта Оранғай ауылында орналасқан асфальт зауытының темір жол тұйығынан, «Кентау-Түркістан» тас жолымен Қосқорған, Шаға ауылдары арқылы әуежай нысанына құрылыс материалдарын тасымалдауы ұсынылып, жалпы қашықтығы 19,3 шақырымды құрайтынын мәлім етті.

Жиын барысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Оразбеков қала көлеміндегі орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін автокөлік жолдарын зерделеу бағытында және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Қазиханов «Қамқорлық» бастамасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы хабарлап өтті.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы